Ресей мен Қытай көшбасшылары Астанада келіссөз жүргізді

цзиньпин
Фото: kremlin.ru

АСТАНА. KAZINFORM — Ресей президенті Владимир Путин Қытай Халық Республикасының (ҚХР) төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. 

3 шілде күні Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті қарсаңында Путин Әзербайжан, Моңғолия, Пәкістан және Түркия басшыларымен кездесті. Кешке ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу өткізіп, одан кейін саммитке қатысушыларға арналған бейресми түскі асқа қатысады.

Кездесу барысында Путин Си Цзиньпинді БРИКС саммитінде күтетінін мәлімдеді.

«Биыл біз сіз бен біздің бастамамызбен құрылған БРИКС ұйымына төрағалық етіп отырмыз. Қазан айында Қазанда өтетін саммитке сіз де қатысады деп үміттенеміз», — деді Ресей мемлекетінің басшысы Астанада өтіп жатқан ШЫҰ саммитінің ашылу қарсаңында өткен кездесуде Қытай басшысына.

Путин Ресей-Қытай қарым-қатынасы тарихта бұрын-соңды болмаған ең жақсы кезеңді бастан кешіріп жатқанын, Мәскеу мен Бейжің арасындағы ынтымақтастық ешкімге қарсы еместігін атап өтті.

Көшбасшылар сауда өсімі, туризмді дамыту, халықаралық ұйымдардағы, соның ішінде ШЫҰ мен БРИКС аясындағы ынтымақтастық, сондай-ақ басқа да бірқатар тақырыпты талқылады.

«Ресей президенті Владимир Путиннің мамыр айындағы Қытайға жасаған сәтті сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытудың басым бағытын айқындауға көмектесті», — деді Ресей басшысымен кездесу барысында Қытай төрағасы Си Цзиньпин.

Ол екі ел басшылары қол жеткізген уағдаластық қазір толығымен орындалып, «көпқырлы ынтымақтастық жоспарланған бағыт бойынша тұрақты түрде жүріп жатқанын» атап өтті.

Соңғы жаңалықтар