Ресей мен Өзбекстан ірі АЭС салу мүмкіндігін зерделейтін жұмыс тобын құрды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – «Росатом» корпорациясы мен «Uzatom» агенттігі Өзбекстанда ірі АЭС салу мүмкіндігін зерделеуге уағдаласты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Ресей мен Өзбекстан ірі АЭС салу мүмкіндігін зерделейтін жұмыс тобын құрды
Фото: «Uzatom» агенттігі

Тиісті келісімге «Росатом» басшысы Алексей Лихачев пен «Uzatom» агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумы аясында қол қойды. Оны салу жұмысы қазіргі уақытта қолға алынған аз қуатты атом электр станциясының құрылысымен қатар өрбиді.

Үлкен АЭС әрқайсысының қуаты 1000 МВт болатын екі энергоблоктан тұрады, дегенмен олардың санын төртке жеткізу мүмкіндігі де қарастырылады.

- Келісімге қол қою АЭС-ті салу мүмкіндігін толық зерттеуге мүмкіндік береді. Осы орайда, жобаның техникалық негіздемесін және оның құнын бағалаумен айналысатын бірлескен жұмыс тобы құрылды, - деді «Uzatom» агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев.

Жұмыс тобының талдауы негізінде Өзбекстанда ірі АЭС салуға қатысты нақты шешім қабылданады.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан билігі ірі АЭС салу мүмкіндігін қарастырып жатқанын жазған едік.

Сонымен қатар қазіргі уақытта ресми Ташкент аз қуатты АЭС салуға кірісті. Әрқайсысының қуаты 55 МВт болатын 6 реактор (жалпы қуаты — 330 МВт) Джизак облысындағы Тузкан көлінде бой көтереді. АЭС-тің алғашқы реакторы 2029 жылдың соңында іске қосылмақ. Ал ол толық қуатта 2033 жылдан бастап жұмыс істейді деп жоспарланған.

Жақында Uzatom агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев нысанның құны 2 млрд доллардан аспайтынын айтты. Өзбекстан АЭС-ке қажетті салқындату жүйесін Мажарстаннан алуды жоспарлап отыр.

Осыған сай, Өзбекстан мен Ресей АЭС салу келісімшартының күшіне ену хаттамасына қол қойды.

Сондай-ақ, АЭС салу үшін халықаралық консорциум құрылады.

Соңғы жаңалықтар