Ресей мен Украина келіссөзінің екінші раунды Ыстанбұлда өтуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресей барлық аспектілер бойынша өз ұстанымын білдіретін тиісті меморандум әзірлегенін және оны 2 маусымда украиналық тарапқа Ыстанбұлда беруге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform РФ сыртқысаяси ведомствосының сайтына сілтеме жасап.

Ресей президентінің көмекшісі В.Мединский бастаған ресейлік делегация келесі дүйсенбі, 2 маусымда Ыстанбұлда қайта жалғасатын тікелей келіссөздің екінші раунды барысында Украина делегациясына осы меморандумды ұсынуға және қажетті түсініктемелерді беруге дайын екені айтылған.
— АҚШ, Сауд Арабиясы және Түркияның қолдауымен Ресей-Украина тікелей келіссөзін қайта бастауға жағдай жасау мүмкін болды. Бірінші раунд ағымдағы жылдың 16 мамырында Ыстанбұлда өтті, — деп еске салды С. Лавров.
Ол сондай-ақ сол жерде қол жеткізілген келісімдерге сәйкес «1000 адамға 1000» форматында тұтқындар алмасу жүргізілгенін атап өтті. Сол кезде Ыстанбұлда Мәскеу мен Киев тұрақты реттеуге қол жеткізу үшін әр тараптың ұстанымын көрсететін құжаттар әзірленетіні келісілді.
РФ президентінің көмекшісі В.Мединский сәрсенбі күні Украина қорғаныс министрі Р.Умеровке меморандумдар алмасу үшін кездесудің нақты күні мен орнын ұсынғанын хабарлады.
Ол сондай-ақ атысты ықтимал тоқтату туралы пакеттік келісімнің әрбір тармағы бойынша мазмұнды талқылауды бастауға дайын екенін атап өтті. Олар растауды күтуде және өздері белгілеген күні жеке кездесуге және жұмысқа кірісуге дайын.
РФ СІМ ресми өкілі Мария Захарова Ресейдің Киевпен реттеу туралы меморандум жобаларын алмасуда басқа елдермен делдалдық келісімі жоқ екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров әлеуметтік желідегі парақшасында ресейлік тарапқа Украинаның ұстанымын көрсететін қақтығысты реттеу туралы меморандум жобасын тапсырғанын хабарлады. Ол сондай-ақ Украинаның атысты толық және сөзсіз тоқтатуға және одан әрі дипломатиялық жұмысқа дайындығын растайтынын жазды.
Бұған дейін 15 мамыр Ресей-Украина қақтығысы тарихындағы бетбұрыс кезеңі болуы мүмкін екенін жазған болатынбыз.
Ыстанбұлда жоспарланған Ресей-Украина келіссөзі мемлекет басшыларының қатысуынсыз басталды.