Ресей мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға транзиттеу тарифі қаншаға қымбаттады

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрлігі Ресей мұнайын Қазақстан аумағы арқылы транзиттеу тарифі қаншалықты қымбаттағанын мәлім етті.

Өткен жылы темір жол көлігімен мұнай өнімдері ең көп тасымалданды
Фото: Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

«ТОН-2 мұнай құбыры (Ресейдің Туймазы қаласынан Қазақстанның Павлодар қаласына дейін) бойынша айтсақ, бұған дейін 1 тонна мұнайдың транзитіне 799,45 теңге алынып келген. Яғни, маршруттың тарифі доллар бағамын 440 теңге деп есептегенде, тоннасына 1,82 доллар болатын. Тараптар келіссөздер кезінде аталған учаскедегі тарифті тоннасына 2,1 доллар етіп белгілеу туралы келісімге қол жеткізді. Бұл қазір қолданылып жүрген тарифтен жоғары», - делінген министрліктің мәліметінде. 

Сондай-ақ, ведомстводағылар Қытайға 2024-2033 жылдар аралығында экспортталатын 100 млн тонна мұнай тұтастай ТОН-2 маршруты арқылы тасымалданатынын атап өткен.

«Маршрут арқылы 10 жылда 100 млн тонна тасымалданады. Мұнай РФ аумағы арқылы да, ТОН-2 учаскесі бойынша (ұзындың 186 шақырым) ҚР аумағына кіреді. Одан кейін мұнай қайтадан Ресейдің Омбы қаласына өтіп, кері қарай Павлодарға жетіп, Қазақстан аумағы арқылы Қытайға жеткізіледі», - деп жазады министрлік мамандары.

Соңғы жаңалықтар