Ресей салатын үш ЖЭО-ның тарифі қандай болады

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта Өскемен, Семей, Көкшетау қалаларында Ресей инвесторлары салатын үш жылу-электр орталығының қандай тарифпен жұмыс істейтіні туралы түсініктеме берді.

ЖЭО
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш ЖЭО салу Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Үкіметтері арасындағы 2024 жылғы 17 сәуірдегі жобалар бойынша ынтымақтастық туралы келісім негізінде жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Бұл жобалар іске асырудың бастапқы сатысында екенін ескере отырып, Бірыңғай сатып алушының тарифіне әсер етуді объективті есептеу мүмкін емес, — деп жазады министрлік мамандары.

Жауапта қарапайым тұрғындардың электр қуатын тұтыну тарифі бірнеше тарифтерден құралатыны айтылған.

— Соңғы тұтынушы үшін электр энергиясын сату бағасы электр энергиясын Бірыңғай сатып алушының бағасы, электр энергиясын желі арқылы беру тарифі, энергиямен жабдықтау үстемесінің құнынан тұратынын атап өткен жөн. Электр энергетикасы саласындағы заңнамаға сәйкес энергия өндіруші ұйымдар өздері өндірген электр энергиясын тек Бірыңғай сатып алушыға сатуға құқылы. Бұл ретте, Бірыңғай сатып алушы тетігі жаңадан енгізілетін генерациялау көздерінің жоғары тарифтерін теңгерімдеуді және қолданыстағы активтерді жаңартуды қамтамасыз етуге, сол арқылы түпкілікті тұтынушылар үшін тарифтердің өсуін барынша азайтуға бағытталған, — деп жазылған министрлік жауабында.

Бұған дейін Қытай инвестициясына салынатын жел мен күн электр стансаларының тарифі жарияланғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар