Ресей салатын жылу-электр орталықтарының тарифін кім белгілейді – министрлік жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрінің орынбасары Сұңғат Есімханов ресейлік компаниялар салатын жылу-электр орталықтарынан алынатын қуаттың тарифін кім белгілейтінін айтты.

- Үш жылу электр орталығын салуға үкіметтің келісімі бар. Жұмыстар істеліп жатыр. Тапсырыс беруші ретінде Самұрық-Энерго компаниясы бекітілген. Жалпы Ресей тарапы өз станцияларды мердігер ретінде тек салады. Салып болғаннан кейін ол станциялар «Самұрық-Энерго» компаниясының құзыретінде болады. Ешқандай Ресей тарапына ауыспайды. Ақпарат жалған. Орталық салынғаннан кейін тариф бекітіледі де, содан кейін бастап инвестицияны қайтару басталады, - деді ол Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін Энергетика министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта Өскемен, Семей, Көкшетау қалаларында Ресей инвесторлары салатын үш жылу-электр орталығының қандай тарифпен жұмыс істейтіні туралы түсініктеме берген болатын.