Ресей шекарасына дейінгі жолдың Атыраудан шығатын 5 шақырымын жаңғырту басталды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Былтыр Атырау қаласынан Ресей Федерациясының шекарасына дейін қатынайтын жолдың Атыраудан шығатын 5 шақырымы жөнделмей қалған еді. Енді жолдың бұл бөлігін жөндеу басталды.

Ресей шекарасына дейінгі жолдың Атыраудан шығатын 5 шақырымын жаңғырту басталды
Фото: Атырау өңірлік комуникациялар қызметі

Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Алтынбек Бейбітовтің дерегіне сүйенсек, жаңғырту жұмысының мердігері – «Казахдорстрой» ЖШС.

– Бұрын жолдың бұл учаскесі үшінші санатта әрі жолақты еді. Енді бірінші санатқа ауыстырылып, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теңгеріміне берілді. Бұл учаскенің ұзындығы – 5 шақырым. Оның ішінде теміржолдың үстімен өтетін 89,4 метрлік көпір бар. Жаңғырту жобасы аясында ескі көпір толық бұзылып, жаңадан салынады. Жол төрт жолақты болады, - дейді Алтынбек Бейбітов.

Жоба жетекшісінің орынбасары Әсет Бектеновтің айтуына қарағанда, жолдың ескі қабатын бұзу басталған. Қазір көлік қозғалысын тоқтатпау үшін айналма жол салынып жатыр. Жол құрылысына 10 жұмысшы, 15 техника тартылған. 

– Алдымен жолдың үстіңгі қабатын толық қазып аламыз. Айналма жол дайын болған соң негізгі құрылыс жұмыстары басталады, - деп мәлім етті Әсет Бектенов.

Атырау қаласынан Ресей Федерациясының шекарасына дейін созылған жолдың жалпы ұзындығы – 277 шақырым. Оның 272 шақырымын жаңғырту аяқталды. Енді Атырау қаласынан шыға берістегі 5 шақырымды 2026 жылға дейін аяқтау жоспарланған. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Ресеймен шекарадағы 10 ауылға баратын жолда әлі күнге асфальт салынбағанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар