Ресей, Түркия, Өзбекстан: Қазақстаннан қай елдерге көп ақша аударылады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы жеке тұлғалардың шоттарына қай елдерден ақша көп аударылады. Ұлттық банк 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы мәліметтерді жариялады.

Жалпы алғашқы үш айда жеке тұлғалар Қазақстанға 59,26 млн доллар ақшаны қайтарымсыз негізде аударған. Оның 7,95 млн доллары ТМД елдерінен, 43,31 млн доллар басқа елдерден. Жекелеген мемлекеттерге келсек, ең көп аударылған сома АҚШ (16,6 млн доллар), Германия (7,95 млн доллар), Оңтүстік Корея (5,11 млн доллар), Ресей (4,77 млн доллар) елдеріне тиесілі.
Ал Қазақстандағы жеке тұлғалардан қайтарымсыз негізде 157,46 млн доллар аударылған. Айырмашылық – 3 есеге жуық.
Оның ішінде ТМД елдеріне 93,6 млн доллар, басқа елдерге 63,5 млн доллар жөнелтілген.
Жекелеген мемлекеттерге келсек, Қазақстандағы жеке тұлғалардан ең көп ақша қабылдайтын ел – Ресей Федерациясы (59,24 млн доллар). Ресейден Қазақстанға жеке тұлғалар аударған ақша мен Қазақстаннан Ресейге жеке тұлғалар аударған ақшаның айырмашылығы – 12 есе. Екінші орында Түркия тұр. Бұл елге Қазақстандағы жеке тұлғалардан 27,72 млн доллар қайтарымсыз негізде аударылған. Өзбекстан тек үшінші орында – 19,23 млн доллар. Сондай-ақ Грузияға 10,99 млн доллар аударылған.
Айта кету керек, биылғы қыркүйекте елдегі екінші деңгейлі банктердің бәрі «Ұлттық төлем корпорациясының» аударым жүйесіне қосылады деп күтіліп отыр.