Ресей жинақ банкінің төлем карталарын ұстаушы қазақстандықтар банктің Ресейдегі банкоматтарынан жеңілдетілген тарифпен ақша ала алады

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Ресей жинақ банкінің еліміздегі еншілес банкінің басқарма төрағасы Олег Смирнов мәлім етті.
Оның айтуынша, бұл ретте банк «Ресейге қош келдіңіздер» атты тарифті іске қосқан. Бұл тариф арқылы Ресей аумағында Visa Classic төлем карталарын ұстаушылардан жалпы соманың 0,5 пайызы, Visa Gold төлем карталарын ұстаушылардан жалпы соманың 1 пайызы көлемінде комиссия алынады. Олег Смирновтың сөзіне қарағанда, бұл қадам тұтынушыларға қызмет көрсетуді жеңілдету мақсатында жасалып отыр. «Бұл қызмет Ресейге барған тұтынушыларымызға жеңілдік беру мақсатымен жасалды» дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ресейге барушылар «Ресей жинақ банкі» төлем карталарының өзімен Ресей тарифтері арқылы қаржы алатын. Екі ел арасындағы валюта бағамының алшақтығы қазақстандықтарға банкоматтардан қаржы алу кезінде бірқатар шығын келтіретін. Банктің басқарма төрағасының айтуынша, келесі кезекте ресейліктер үшін Қазақстан аумағында төлем карталары арқылы жеңілдетілген тариф енгізілмек.