Ресейде 700 мыңнан астам шетелдік заңсыз жүр

МӘСКЕУ.KAZINFORM — 1 қыркүйектегі жағдай бойынша РФ ІІМ-нің бақыланатын тұлғалар тізімінде (реестр) елде құқықтық мәртебесін реттемеген шамамен 770 мың шетелдік бар. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі жазды.

Ресейде 700 мыңнан астам шетелдік заңсыз жүр
Фото: minval.az

Олардың үштен бірі — әйелдер мен балалар. Бұл туралы ІІМ басшысының орынбасары А.Горовой хабарлады, деп агенттік тілшісі ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлады.
Ол сондай-ақ аталған азаматтарға Ресейдегі болу мерзімін заңға сәйкестендіру үшін берілген уақыт 10 қыркүйекте аяқталатынын нақтылады. Осы мерзімге дейін өз мәртебесін ретке келтіре алады. Бұдан кейін заңды салдары, соның ішінде елден шығарып жіберу шаралары қолданылуы мүмкін.

2025 жылғы ақпанда Ресейде бақыланатын тұлғалардың бірыңғай тізілімі іске қосылды. Онда РФ аумағында заңсыз жүрген шетел азаматтары туралы деректер жинақталады.

Тізімге уақытша болу мерзімі, уақытша тұруға рұқсат, соның ішінде білім алу мақсатында, ықтиярхат, патент, жұмысқа рұқсат, еңбек шартының мерзімі бітуіне немесе уақытша болу мерзімінің қысқаруына байланысты шетелдіктер енгізіледі.

Аталған тізімге енген тұлғаларға заңды тұлға немесе ЖШС тіркеуге, некеге тұруға, мүлік сатып алуға және тіркеуге, банк шотын ашуға және жүргізуші куәлігін ауыстыруға тыйым салынады.

Бұған дейін көші-қон ережелерін бұзғандарға Ресейде заңдастыру үшін бір ай қалғаны және Ресейден депортацияланған мигранттар саны 17%-ға артқаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар