Ресейде ата-ана қамқорлығынсыз қалған өзбекстандық балалар Отанына оралды

Ресей
Фото: pexels.com

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ресей аумағында ата-ана қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмаған өзбекстандықтар Отанына қайтарылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Dunyo» ақпарат агенттігінің мәліметінше, құзырлы орган мамандарының көмегімен Ресейде ата-ана қамқорлығынсыз қалған 17 бала Отанына оралды. Олардың барлығы кәмелет жасына жетпегендер.

«Өзбекстанның Ресейдегі Елшілігі балаларға тегін негізде Отанына оралуға мүмкіндік беретін сертификаттар рәсімдеді. Кәмелетке толмағандар Өзбекстанға келгеннен кейін туыстарына беріледі және мемлекеттік арнайы балалар мекемелеріне орналастырылады», - деп мәлім етті «Dunyo» агенттігінен.

Айта кетейік, Өзбекстанның дипломатиялық мекемелері шетелде ата-ана және заңды өкілдерінің қарауынсыз қалаған балалардың есебін жүргізеді және оларды қайтару бойынша шаралар қабылдайды.

Қоса кетсек, 2022 жылы шет мемлекеттерде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 43 бала Өзбекстанға қайтарылды.

Соңғы жаңалықтар