Ресейде байланыс операторлары тарифтердің қалай өсуі мүмкін екенін айтты
АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылдан бастап Ресейде ұялы байланыс пен интернет қызметтерінің бағасы өседі. Бұл туралы ірі ресейлік байланыс операторлары мәлімдеді. Ақпаратты Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Тарифтердің қымбаттауына қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуі, инфляция және желілерді жаңғырту қажеттілігі себеп болып отыр.
РБК дерегінше, операторлардың басым бөлігі алдағы өзгерістер туралы абоненттерін алдын ала хабарландырған. Атап айтқанда, мұндай ескертуді «T2», «Билайн», «Т Мобайл» және «Ростелеком» таратқан.
«T2» бірқатар тариф бойынша ай сайынғы төлемді 750 рубльден 900 рубльге дейін көтермек.
«Билайн» шексіз интернет үшін тәулігіне 4,5 рубль көлемінде қосымша ақы енгізіп, басқа да қызметтердің бағасын «жаңартқанын» хабарлады.
«Т Мобайл» байланыс құнын айына 449 рубльден 709 рубльге дейін арттырмақ.
Ал «Ростелеком» үй интернетінің абоненттік төлемін 60 рубльге өсірген.
Өз кезегінде Ресейдің Федералды монополияға қарсы күрес қызметі байланыс қызметтерінің қымбаттауына қатысты ақпаратты тексеретінін мәлімдеді.
Ведомство негіз болған жағдайда тиісті антимонополиялық шаралар қабылданатынын атап өтті.
Бұған дейін Ресейде келесі жылдан бастап ҚҚС мөлшері 22 пайызға дейін өсетіні хабарланған болатын.
Сондай-ақ Роскомнадзор WhatsApp мессенджерінің Ресейде толық бұғатталу мүмкіндігін жоққа шығармайтыны туралы да жазған едік.
Сондай-ақ Ресейде ҚҚС қашан төмендейтіні белгісіз екені айтылды.