Ресейде бірқатар сервистің жұмысы жаппай істен шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Ресейлік пайдаланушылар «Яндекс» сервистерінің, «Магнит» дүкендер желісі мен DDX Fitness фитнес-клубтарының мобильді қолданбаларына және басқа да сервистерде ақау бар екенін хабарлап жатыр. Бұл туралы Kazinform ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Яндекс Пэй» төлем сервисінің (бір тәулікте 12 мың шағым), «Яндекс» іздеу жүйесінің (11 мың шағым), «Яндекс Еда» (1,8 мың шағым), «Яндекс Музыка» (1,3 мың шағым) және «Яндекс Go» (7,4 мың шағым) қолданбаларының жұмысында ақаулар байқалған.
Сондай-ақ «Магнит» дүкендер желісінің қолданбасына (4,3 мың шағым) және DDX Fitness фитнес-клубтары желісінің қолданбасына (1,5 мың шағым) қатысты да шағымдар түскен.
«Сбой.РФ» сервисінің мәліметінше, «Кинопоиск» қызметінде 3 759, «Додо Пиццада» 927, Lamoda қолданбасында 542 және «Вкусно — и точка» желісінде 806 ақау туралы шағым тіркелген.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда Yandex Go сервистерінің жұмысы тоқтағанын хабарлағанбыз.
Компанияның баспасөз қызметі кейбір сервистерде ақау бар екенін растады. Қазір мамандар олардың жұмысын қалпына келтіруге күш салып жатыр. Алайда қызметтердің қашан толық іске қосылатыны әзірге белгісіз.
Яндекс өкілдерінің түсіндіруінше, күрделі цифрлық сервистердің жұмысы әртүрлі елдерде орналасқан серверлерге тәуелді. Сондықтан бір сервердегі ақау басқа елдердегі қызметтердің жұмысына да әсер етуі мүмкін.