Ресейде екі жасар баланы лақтырған Беларусь азаматы мәжбүрлі емдеуге жіберілді
МӘСКЕУ. KAZINFORM — Ресей соты өткен жылдың маусым айында Шереметьево әуежайында өзгенің баласын жерге лақтырған Беларусь тумасы Владимир Витиковты мәжбүрлі емдеуге жіберу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.
Сот оған медициналық сипаттағы мәжбүрлі шараларды қолдану жөнінде қаулы шығарды. Іс бойынша сот отырыстары жабық түрде өтті.
Еске сала кетейік, оқиға 2025 жылғы 23 маусымда Шереметьево әуежайының келу аймағында болған. Айыпталушы екі жастағы баланы көтеріп алып, қатты күшпен жерге лақтырған.
Аталған дерек бойынша «адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бала ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, оған омыртқа мен бас сүйегінің сынуы, сондай-ақ жабық бас-ми жарақаты диагнозы қойылған.
2026 жылғы қаңтардың ортасында Ресейдің Мәскеу облысы бойынша Тергеу комитеті осы оқиғаға қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтап, айыпталушыға медициналық сипаттағы мәжбүрлі шараларды қолдану мәселесін шешу үшін істі сотқа жолдаған.
Тергеу барысында кешенді психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізілді. Оның нәтижесінде күдіктінің есірткілік масаң күйде болғаны анықталды, бұл оның ауру жағдайын ушықтыруы мүмкін. Сараптама қорытындысына сәйкес, ол өз әрекеттерінің нақты сипаты мен қоғамдық қауіптілігін түсіне алмаған.
Бұған дейін Алматыда балалар алаңында бала соққыға жығылғаны туралы хабарланған болатын.