Ресейде Қамшы Көлбаевтың оққағары ұсталды

АСТАНА.KAZINFORM — Мәскеуде халықаралық іздеуде жүрген «Ұзын ұлан» лақап аты бар криминалды топ мүшесі ұсталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Ресейде Қамшы Көлбаевтың оққағары ұсталды
Фото: ҚР ІІМ

Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қырғызстан азаматы 2025 жылдың қыркүйек айының басында ұсталған.

— 1972 жылы туған, бірнеше рет ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған, ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшесі ретінде Ішкі істер министрлігінің жедел есебінде тұрған Б.У.К.қамауға алынды. Ол Қамшы Асанбектің (Көлбаевтың) ең жақын және сенімді адамы болды, оның жеке қауіпсіздігіне жауапты болды. Ол бірнеше рет қылмыстық төбелеске қатысып, бопсалаумен де айналысып, қылмыстық қазынаны толықтыру мақсатында кәсіпкерлерден коммерциялық фирмалар мен жылжымайтын мүлікті тартып алған, — делінген хабарламада.

Оған 2019 жылы Бішкек қаласында шетелдік кәсіпкердің аса ірі көлемдегі мүлкін тартып алу арқылы қарақшылық шабуыл жасады деген айып тағылып отыр.

Қазір ол Бішкекке жеткізілді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, 2023 жылдың қазан айының басында криминалды топ жетекшісі Қамшы Көлбаев Бішкекте тұтқындалу кезінде жойылды.

Онымен тығыз байланыста болғаны үшін мемлекеттік кеден қызметінің 50 қызметкері жұмыстан босатылды. Криминалдың жарты миллион доллардан асатын асыл тұқымды жүйрік аты, Қ.Көлбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелері Қырғыз Республикасының бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаковқа сыйға тартқан қымбат бағалы көлігі мемлекет пайдасына тәркіленді.

Бұған дейін Қамшы Көлбаевтың ағасы да ұсталғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар