Ресейде қаңтар айында жалақы бойынша берешек 1,85 млрд рубль болды

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы қаңтардың соңындағы жағдай бойынша Ресейде жалақы бойынша берешек көлемі 1 млрд 855,9 млн рубльді құрады, деп хабарлайды ТАСС.

Рубль-тенге
Фото: pixabay.com

Өткен аймен салыстырғанда жалақы бойынша жиынтық берешек 171,3 млн рубльге немесе 8,5%-ға азайған. Ал жылдық мәнде көрсеткіш 1 млрд 485,4 млн рубльге өсіп, шамамен бес есеге артқан.

2026 жылғы қаңтар айының соңындағы төленбеген жалақының жалпы сомасының ішінде 755,3 млн рубль немесе 40,7%-ы 2026 жылы қалыптасқан берешекке тиесілі. 2025 жылы пайда болған қарыз көлемі 962,8 млн рубльді немесе 51,9%-ды құрады.

Ал 2024 жыл және одан бұрынғы кезеңдерден қалған берешек 137,8 млн рубль немесе 7,4% болды.

Ресей статистикасының мәліметінше, тексерілген ұйымдарда жалақы бойынша берешегі бар қызметкерлердің үлесі 2026 жылғы қаңтардың соңында 1%-дан аз болған.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша жалақы қарызы бар қызметкерлер саны мынадай салаларда шоғырланған:

  • құрылыс – 42%
  • өңдеу өнеркәсібі – 31,1%
  • пайдалы қазбаларды өндіру – 11%
  • сумен жабдықтау, су бұру, қалдықтарды жинау және кәдеге жарату, ластануды жою қызметі – 4,6%
  • ауыл, орман шаруашылығы, аңшылық, балық аулау және балық өсіру – 3,8%
  • жылжымайтын мүлік операциялары – 2,7%
  • кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 2,6%
  • көлік және сақтау – 0,5%
  • қаржы және сақтандыру қызметі – 0,4%
  • денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер – 0,4%
  • білім беру – 0,3%
  • көтерме және бөлшек сауда, автокөлік пен мотоциклдерді жөндеу – 0,2%
  • мәдениет, спорт, бос уақытты ұйымдастыру және ойын-сауық – 0,2%
  • өзге де қызмет түрлері – 0,2%.

Айта кетейік, Ресейде қаңтар айындағы жылдық инфляция 6 пайызды құрады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум