Ресейде қар көшкіні салдарынан 11 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Ресейдің Қабарда-Балқар Республикасындағы Безенги шатқалында қар көшкіні салдарынан қаза тапқандар саны 11 адамға жетті. Тағы алты альпинист із-түзсіз жоғалғандар қатарында, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Мәскеудегі меншікті тілшісі.

Ресейде қар көшкінінен 11 адам қаза тапты
"Россия 24" арнасы таратқан видеодан скрин

Қар көшкіні 6 қыркүйекте Безенги шатқалындағы Мижирги тауының баурайынан түскен.

Ресей төтенше жағдайлар министрлігі Қабарда-Балқар Республикасы бойынша бас басқармасының мәліметінше, топ құрамында барлығы 33 адам болған. Оның 10-ы өзі төмен түскен, тағы алты зардап шеккен адам медициналық мекемелерге жеткізілген.

Қазір іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Операцияға 56 құтқарушы жұмылдырылған. Жоғалған адамдарды іздеуге Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің Ми-8 тікұшағы мен коммерциялық тікұшақ та тартылды.

Құтқару жұмыстарына таулы жер бедерінің күрделілігі, екпінді жел және қар массаларының қайта сырғу қаупі де кедергі келтіріп жатыр.

Оқиғаға байланысты тергеу органдары тексеру жүргізіп, адамдардың қаза болу себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Қытайдағы алапат селден 43 адам қаза болып, 519 адам хабар-ошарсыз кеткенін хабарлаған едік.