Ресейде картоп өсіретін аумақтар ұлғайтылады
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл ресейлік ауыл шаруашылығы өндірушілері картоптың егістік көлемін 7 мың гектарға ұлғайтуды көздеп отыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Ресей ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, картоп егістіктерінің жалпы көлемі өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 2,3 пайызға артады.
Алдын ала мәлімет бойынша 2024 жылы картоп өнімі 7,2 млн тоннаны құрады, бұл орташа көпжылдық көрсеткіштерге сәйкес келеді.
Сондай-ақ, ведомство өткен көктемде қайта оралған аяздарға, сондай-ақ одан кейін болған құрғақшылық пен елдің бірқатар өңірінде жауын-шашынның көп түсуіне байланысты картоп өнімі 2023 жылғы рекордтық деңгейге қарағанда төмендегенін атап өтті.
Осыған байланысты елге 150 мың тоннаға дейінгі картопты бажсыз әкелу үшін тарифтік жеңілдік белгіленді. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық комиссия елге жеңілдікпен 55 мың тоннаға дейін сәбіз бен 230 мың тоннаға дейін алма әкелуге рұқсат берді.
Еске сала кетсек, Астанада «Small» және «Spar» сауда желілерінде 5 келіден артық картоп сатып алуға уақытша шектеу қойылды.
Ал, ауыл шаруашылығы министрлігі картоп қоры ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге жеткілікті екенін мәлімдеген болатын.