Ресейде кибералаяқтыққа қарсы шаралардың екінші пакеті мақұлданды
МӘСКЕУ. KAZINFORM – Ресейдің Федерация Кеңесі азаматтарды қаржы және телекоммуникация салаларындағы алаяқтықтан қорғауды күшейтуге бағытталған кибералаяқтыққа қарсы екінші шаралар пакеті туралы заңды мақұлдады, деп хабарлайды агенттік тілшісі Федерация Кеңесінің сайтына сілтеме жасап.
Құжат банк операциялары мен байланыс қызметтеріне бақылау жасаудың қосымша тетіктерін қарастырады. Атап айтқанда, азаматтар халықаралық кіріс қоңырауларға өз еркімен тыйым сала алады. Мұндай қоңырауларды алаяқтар жиі заңсыз схемаларда пайдаланады.
Сондай-ақ заң күмәнді операциялар кезінде банк карталарын пайдалануға шектеулер енгізеді. Бұл қаржы ұйымдары клиенттерінің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жекелеген шаралар блогы кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне арналған. Балаларды алаяқтардан және зиянды контенттен қорғау мақсатында арнайы «балаларға арналған» SIM-карталарды енгізу көзделген.
Бұдан бөлек, байланыс қызметтерін пайдалану қағидалары күшейтіледі. Жаңа нормаларға сәйкес, SIM-карта алған сәттен бастап 90 күн ішінде байланыс операторымен жасалған шартты бұзуға болмайды.
Федерация Кеңесінде сондай-ақ «Мемлекеттік қызметтер» порталында алаяқтық әрекеттерге жедел ден қоюға арналған арнайы сервистің іске қосылғанын еске салды. «Дабыл түймесі» арқылы пайдаланушылар алаяқтық фактілері туралы уәкілетті органдарға жедел хабарлай алады.
Бұған дейін, 9 маусымда Ресей Мемлекеттік думасы «Мемлекеттік қызметтер» порталында «қызыл түйме» сервисін құру туралы заң қабылдаған еді. Бұл құрал азаматтарға алаяқтық белгілері байқалған жағдайда қашықтан жүргізілетін қаржылық операцияларды жедел тоқтатуға мүмкіндік береді.
Парламенттің жоғарғы палатасында жаңа шаралардың тиімділігіне тұрақты мониторинг жүргізудің маңыздылығы айтылды. Сенаторлардың пікірінше, құқық қорғау және бақылаушы органдар құқық қолдану тәжірибесін жедел талдап, киберқауіпсіздік саласындағы жаңа қатерлерге дер кезінде жауап беруі тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін Ресей интернет кеңістігінде жас бойынша сәйкестендіру жүйесін құруы мүмкін екенін жаздық.
Сондай-ақ жуырда Мемлекеттік дума мигранттар үшін баж салығын арттыру туралы заң қабылдады.