Ресейде қымбат көлік сатып алғандар біржолғы салық төлеуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Ресейде қымбат автокөліктерді, яхталарды және әуе кемелерін сатып алуға біржолғы салық енгізу туралы заң жобасы Мемлекеттік дума қарауына енгізіледі, деп хабарлайды ТАСС.

в
Фото: Рexels

Құжатты «Справедливая Россия» фракциясының депутаттары әзірлеген. 

Ұсынылып отырған өзгерістер Ресей Федерациясының Салық кодексіне енгізіледі. Атап айтқанда, құны 20 млн рубльден асатын автокөліктерге, сондай-ақ құны 50 млн рубльден жоғары яхталарға, катерлерге, тікұшақтар мен ұшақтарға біржолғы салық белгілеу көзделген.

Салық мөлшерлемесі көлік құралының бағасына қарай сатып алу құнының 1-4 пайызы аралығында болады. Пайыздық мөлшерлеме мүліктің бағалық санатына байланысты айқындалады.

Заң жобасына сәйкес, салық мемлекеттік тіркеу кезінде біржолғы тәртіппен төленуі тиіс. Егер көлік құралын тіркеу талап етілмесе немесе тіркеу жүргізілмесе, салық сатып алынған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде төленуі қажет. Құжатта көрсетілгендей, салық төленбейінше көлік құралын тіркеу мүмкін болмайды.

Сонымен қатар қымбат жылжымайтын мүлікке қатысты сараланған салық мөлшерлемесін енгізу ұсынылады. Құны 350 млн рубльден асатын нысандар үшін мөлшерлеме 3 пайыз болуы мүмкін.

Құны 450 млн рубльден жоғары мүлікке – 3,5 пайыз, ал 550 млн рубльден асатын жылжымайтын мүлікке 4 пайыз көлемінде белгілеу көзделген.

Түсіндірме жазбада заң жобасын қабылдау Ресей Федерациясы субъектілерінің және жергілікті бюджеттердің кірісін ұлғайтуға мүмкіндік беретіні, сондай-ақ артық жылжымайтын мүлік пен аса қымбат жылжымалы мүлікті иеленуді оңтайландыруға ынталандыратыны атап өтілген.

Айта кетейік, Ресейде қаңтар айындағы жылдық инфляция 6 пайызды құрады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум