Ресейде коронавирустың жаңа нұсқасы тарап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Ресейдің Тұтынушылар құқықтарын қорғау және адам денсаулығын қадағалау федералды қызметінің (Роспотребнадзор) басшысы Анна Попова елде Stratus деп аталатын SARS-CoV-2 жаңа XFG штаммының таралып жатқанын айтты. Бұл туралы ол ТАСС агенттігіне берген сұхбатында айтты.

Попованың айтуынша, жаңа штамм өте жұқпалы, бірақ ауру әдетте жеңіл түрде өтеді.
— Жаңа жағдайлар күн сайын артып келеді. Алдымен 300, кейін 384 жағдай тіркелді. Бұл көрсеткіш одан да жоғары болады, — деді Попова.
Ол коронавирустың әрбір жаңа нұсқасының өмір сүруі мен дамуы үшін өзіндік ерекшеліктері бар екенін атап өтті. Сондықтан инфекцияның салдары әртүрлі болуы мүмкін, алдын алу шараларын сақтау және денсаулыққа мұқият болу маңызды.
Роспотребнадзордың мәліметінше, шілде айының соңына дейін Ресейде Stratus штаммын жұқтырудың 114 жағдайы тіркелген. Оның 54 пайызы Мәскеуде болса, қалғаны Мәскеу облысы, Магадан, Свердловск, Ленинград облыстарында анықталған.
Ресейде Stratus тың алғашқы жағдайы 24 сәуірде тіркелді, ал әлемдегі алғашқы жағдай Канадада 2025 жылдың 27 қаңтарында анықталды.
Еске сала кетейік, Ақ үй коронавирус індетінің «шынайы шығу тегі» туралы веб-парақша ашты.