Ресейде самокат мәселесі мемлекет басшысы деңгейіне көтерілді
МӘСКЕУ. KAZINFORM — Ресейде электр самокаттары мен басқа да жеке ұтқырлық құралдарын (ЖҰҚ) пайдалану тақырыбы қоғамда ұзақ уақыт бойы пікірталас тудырып келсе, енді бұл мәселе ең жоғары деңгейге көтерілді. Президент Владимир Путин үкіметке оларды пайдалану ережелерін қайта қарауды тапсырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Мәскеудегі меншікті тілшісі.
Бұған Азаматтық қоғамды дамыту және адам құқықтары жөніндегі кеңестің отырысы себеп болды. Кремль сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, Ресей Көлік министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі мәселесімен тығыз айналысуы тиіс. Профильді ведомстволар мұндай шаралардың орындылығын талдап, нақты ұсыныстарын ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін ұсынуы керек.
ЖҰҚ-тың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер аймақтарында жүруіне шектеулер енгізу, тіпті толық тыйым салу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Тапсырма аясына электр самокаттары, электр велосипедтер, скутерлер, моно дөңгелектер және басқа да осыған ұқсас құрылғылар кіреді.
Ерекше назар электр велосипедтерге аударылып отыр, өйткені оларды курьерлер мен қала тұрғындары кептеліс жағдайында қысқа қашықтыққа жылдам әрі арзан бару үшін белсенді пайдаланады. Дәл осы құрылғылардың тротуарларда ретсіз қозғалысы жаяу жүргіншілермен жиі жанжалды жағдайлар туғызады.
Бұған дейін Алматыда жалға алынатын самокаттар пайдаланушыларының құқықтары мен жасы тексерілетінін хабарлаған болатынбыз.