Ресейде шетелдіктер байланыссыз қалуы мүмкін
МӘСКЕУ.KAZINFORM — 1 шілдеден бастап Ресейде биометриялық деректерін тапсырмаған шетел азаматтарының ұялы байланысы өшіріле бастайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Бұл туралы Ресейдің Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігі мәлімдеді.
Хабарламада айтылғандай, биылдан бастап шетелдік азаматтар байланыс операторларымен келісімшартты тек Біріңғай биометриялық жүйеге (ББЖ) тіркелген жағдайда ғана жасай алады. Оларға өз атына 10 сим-картаға дейін рәсімдеуге рұқсат етілген.
Бұрын жасалған келісімшарттар бойынша биометрияны тапсыру мерзімі 2025 жылдың 1 шілдесінде аяқталады. Осы күнге дейін талапты орындамағандар үшін байланыс операторлары кезең-кезеңімен ұялы байланысты өшіре бастайды.
Министрліктің мәліметінше, бүгінде 2 млн-нан астам шетелдік ББЖ-ге тіркеліп, жаңа ережелер бойынша келісімшарт жасаған.
Сонымен қатар, 3 айдан астам уақыт бойы пайдаланылмаған нөмірлер бірден өшіріледі. Ал белсенді нөмірлер бойынша байланыс біртіндеп шектеледі: алдымен халықаралық және қалааралық қоңыраулар бұғатталады, интернет жылдамдығы төмендейді, ал 30 күннен кейін байланыс қызметтері толық тоқтатылады. Осы мерзім ішінде келісімшартты жаңа ережелер бойынша қайта рәсімдеуге болады.
Бұдан бөлек, 30 маусымнан бастап Ресейге келуді жоспарлап отырған шетелдіктер ruID қосымшасы арқылы елге кіру туралы өтінім беріп, онда биометриялық деректерін тіркей алады. Шекарада цифрлық профиль құрылады, онда Жеке шоттың сақтандыру нөмірі және Мемлекеттік қызметтердегі (Ресейдегі egov баламасы) тіркеулік жазбасы көрсетілу керек. Профиль мен биометрияны растау үшін банкке бір рет бару жеткілікті. Қайтадан суретке түсіп, дауыс жазудың қажеті жоқ.
Еске сала кетейік, биыл 1 қаңтардан бастап шетелдіктерге сим-карта сатып алу тәртібіне қосымша талаптар енгізілді. Байланыс келісімшартын жасау үшін шетелдік азамат Жеке шоттың сақтандыру нөмірін алып, Мемлекеттік қызметтер порталында тіркелуі тиіс, сондай-ақ биометрияны тіркеп, өз телефонының IMEI кодын көрсетуі қажет.
Айта кетелік елімізде сим-карталарды сатып алу кезінде биометриялық сәйкестендіру жүйесі енгізіліп жатқаны туралы жазған едік.