Ресейде SnapChat қолданбасы бұғатталды

АСТАНА. KAZINFORM — Роскомнадзор Ресейде SnapChat қызметін бұғаттады, деп хабарлайды РИА Новости.

Ресейде SnapChat қолданбасы бұғатталды
Фото: Freepik

— Қоғамдық коммуникациялар желісін орталықтандырылған басқару ережелеріне сәйкес Роскомнадзор 2025 жылдың 10 қазанында сервисті бұғаттау шараларын қабылдады, — деп жазады басылым.

Агенттік мессенджердің лаңкестік әрекеттерді ұйымдастыру және қылмыскерлерді тарту, сондай-ақ ресейліктерге қарсы алаяқтық және басқа да қылмыстарды жасау үшін пайдаланылатынын мәлімдеді.

Роскомнадзор бұған дейін Apple компаниясының FaceTime бейнеконференция байланыс қызметіне шектеу қойған болатын.

Мемлекеттік Думаның Ақпараттық саясат, технологиялар және коммуникациялар жөніндегі комитетінің мүшесі Антон Немкин бұл шешімнің негізді екенін, өйткені азаматтарды қорғау басты міндет екенін айтты. Ол көптеген халықаралық компаниялар заң талаптарын елемейтінін, сондықтан жалғыз амал қылмыскерлердің байланыс арналарын жабу, шектеу қою екенін жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Ресейде Roblox онлайн-ойын платформасы ресми түрде бұғатталды. Ресейдің байланыс және ақпарат саласын бақылау қызметі бұл шешімді сервис арқылы экстремистік материалдардың таралуы және ЛГБТ-идеялардың насихатталуымен түсіндірді.

Соңғы жаңалықтар