Ресейде Telegram жұмысына қойылған шектеулер сақталады
АСТАНА. KAZINFORM – Ресейдің байланыс және ақпарат саласындағы федералдық қызметі Telegram мессенджері жұмысына қойылған шектеулерді ресейлік заңнама бұзушылықтары жойылғанға дейін жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады ТАСС.
Роскомнадзордың мәлімдеуінше, ведомство отандық және шетелдік интернет-ресурстармен жұмыс істеуге ашық, алайда ол үшін Ресейге және оның азаматтарына құрметпен қарау шарты сақталуы тиіс.
Сонымен қатар Telegram-ға тыйым салынған контентті жоюдан бас тарту және өзін-өзі бақылау туралы заң талаптарын сақтамау баптары бойынша жалпы сомасы 64 млн рубльге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұл ақпаратты Мәскеудегі Таган аудандық соты растаған.
Мессенджер жұмысына қатысты шағымдар саны да артып отыр. Downdetector сервисінің деректеріне сәйкес, соңғы тәулікте Telegram жұмысына байланысты 11 мыңнан астам шағым тіркелген. Мәскеу уақытымен 13:05-тегі жағдай бойынша соңғы бір сағатта 900-ден аса қолданушы шағым түсірген.
Шағымдардың ең көп бөлігі Магадан облысынан, Ямал-Ненец автономды округінен, Самара және Түмен облыстарынан, сондай-ақ Мәскеу қаласынан келіп түскен.
Downdetector мәліметінше, пайдаланушылардың 31 пайызы хабарландырулардың істен шыққанын, 26 пайызы мобильді қосымшадағы ақауларды, 22 пайызы жалпы жүйелік істен шығуды, ал 15 пайызы сайт жұмысының бұзылғанын көрсеткен.
Ресей билігі Telegram жұмысына қойылған шектеулер заң талаптары толық орындалғанға дейін сақталатынын атап өтті.
Айта кетейік, Ресей балаларға арналған қантты сусындар жарнамасына тыйым салуы мүмкін.