12:10, 26 Мамыр 2015 | GMT +5
Ресейде ұйымдастырылған мұсылман әлемі мәселелері жөніндегі конференцияға Қостанайдан делегация қатысты
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Челябинск облысы (РФ) Троицк қаласында «Расулев оқулары»: Ресейдің тарихы мен бүгінгі өміріндегі ислам» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Ол Ресейдің діни қайраткері, ойшыл, мұсылман әлеміндегі ірі педагог-ағартушы Зейнолла Расулевке арналды.

Челябинск облысы үкіметінің шақыртуы бойынша халықаралық конференция жұмысына облыс әкімі Нұрәлі Сәдуақасовтың басшылығымен қостанайлық делегация қатысты. Онымен бірге Қостанай қаласының имамы, ғалым-дінтанушы Қалмақан Жақып, дін істері басқармасының басшысы Нұрхан Нөгербеков барды.
Конференция жұмысына Ресейдің Жоғары муфтиі, Орталық діни басқарма төрағасы Талғат Таджуддин, Челябі облысының губернаторы Борис Дубровский және Уфадан, Орынбордан, Қазаннан исламтанушы ғалымдар қатысты.
Конференцияға қатысушылар Ресейдің діни қайраткері, ойшыл, мұсылман әлеміндегі ірі педагог-ағартушы Зейнолла Расулевтің діни мұрасын ғана емес, қазіргі заманғы ислам әлеміндегі жағдайларды талқылады.