Ресейде виза тәртібі қатаңдады: қазақстандық жүргізушілердің мәселесі ЕЭК отырысында қаралады
МӘСКЕУ. KAZINFORM — Қазақстандық автотасымалдаушылардың мәселесі Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында талқыланады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
 
                                              — 12 қарашада Еуразиялық экономикалық комиссияның көші-қон жөніндегі жұмыс тобының отырысында Ресейде жаппай шектеулерден кедергілерге тап болған қазақстандық автотасымалдаушыларға қатысты жағдай талқыланады, — деп мәлім етті ЕЭК-ден агенттік меншікті тілшісіне.
ЕЭК мәліметінше, бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссияның Көлік және инфрақұрылым департаментінде сарапшылық кездесу өтеді деп жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы бұған дейін Ресей Федерациясындағы визаның жаңа тәртібі он мыңдаған жүргізуші мен халықаралық автокөлік тасымалымен айналысатын компанияға қауіп төндіргенін мәлімдеген болатын.
— Соңғы уақытта халықаралық автомобиль тасымалымен айналысатын біздің жүргізушілер мен компаниялар жаппай Ресей Федерациясында болу ұзақтығына шектеу қоя бастады. № 115-ФЗ Федералдық заңына (2024 жылғы 8 тамыздағы түзетулермен) өзгертулер енгізілгеннен кейін визалық ережелер Ресейге визасыз келген шетелдік азаматтардың Ресейде күнтізбелік жыл ішінде 90 күннен аспайтын мерзімге болуын қарастырады. Бұл ереже халықаралық автомобиль тасымалдарының ерекшеліктерін ескермейді. Жүргізушілеріміз басқа елде жеке себептермен емес, қызметтік міндеттерін орындауда жүр. Ал, жаңа талаптар оларды Ресей заңнамасын бұзатын жағдайға әкеліп соқтырады, — деп жазды депутат Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, көптеген жүргізушілер осындай жағдайға тап болған.
— Ресей мен Беларусьте өткізілген уақыт жиынтық болғандықтан, Беларусь арқылы транзиттің өзі Ресейде болу болып есептеледі. Одан бөлек, Одақтың Еуропалық Одақпен шекарасындағы, сондай-ақ Ресей-Қазақстан шекарасындағы көп күндік кезек Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және аймақтағы басқа да елдердің жүргізушілері бірнеше күн күтуге мәжбүр және осы уақыттың барлығы жалпы 90 күндік лимитке кіреді, — деп қосты депутат.
Сондай-ақ Болатбек Нәжметдинұлы ЕАЭО аясындағы интеграция мен ынтымақтастықты қадағалайтын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғаринге ресми сауал жолдағанын хабарлады.
Бұған дейін Қазақстан мен Ресей шекарасындағы өткізу бекеттерінде жүк көліктерінің жиналып қалуы байқалғаны хабарланған болатын. Ол кезде Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі бұл жағдайды негізінен Ресей Федерациясының бақылау шараларын күшейтуімен байланыстырған еді.