Ресейде іздеуде жүрген қылмыскер Ақмола облысында ұсталды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмола облысында полицейлер 2024 жылдың қазан айынан бері Ресейде мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін іздеуде жүрген Қазақстан азаматын ұстады.
Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыстың криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Қазақстанда да, көршілес елдерде де заң бұзған күдіктілерді ұстады.
— Полицейлер Аршалы ауданында 2024 жылдың қазан айынан бері Ресейде іздеуде жүрген күдіктіні ұстады. Анықталғандай, Қазақстан азаматы Ресей Федерациясында жүріп, мас күйінде көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасын жасаған. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Алайда күдікті қашып кетіп, Қазақстанға оралған. Ресей ІІМ Свердлов облысы бойынша Бас басқармасы оған іздеу жариялады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады департаменттен.
Ақмола облысында іздеуде жүрген адамдарды анықтау және ұстау мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары небәрі екі күннің ішінде іздеуде жүрген 6 адам мен жоғалған бір әйелді тапты.
Еске салайық, Ақмола облысында «Палау орталығы» кафесінің иесі ұсталды. Кафеде болған өртке байланысты Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі — «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.