Ресейде зейнет жасы өзгермейді – Дума төрағасы
АСТАНА. KAZINFORM – Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володин пленарлық отырыс барысында елде зейнет жасын ұлғайту жоспарланбайтынын айтты, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.
Володиннің айтуынша, Мемдума Еңбек, әлеуметтік саясат және ардагерлер істері комитетінің мүшесі Светлана Бессарабтың сөзі бұрмаланып жеткізілген. Бұған дейін Бессараб зейнетке 10 жыл кеш шығу жағдайында төлем мөлшерінің айтарлықтай өсетінін айтқан еді.
— Бұл — көбірек жұмыс істеудің артықшылықтары туралы әңгіме, — деді Володин.
16 қарашада Светлана Бессараб ТАСС агенттігіне берген сұхбатында зейнетке шығуды бес жылға шегеру жеке зейнет коэффициентінің 36%, ал базалық бөліктің 45% ұлғаюына алып келетінін түсіндірген.
Егер азамат зейнетке 10 жыл кеш шықса, жеке коэффициенттер 2,32 есе, ал базалық бөлік 2,11 есе өседі.
Сонымен қатар, 25 қазанда Мемдума депутаты Алексей Говырин 1997 жылға дейін еңбек жолын бастаған егде азаматтар зейнетақыға қосымша үстемақы ала алатынын мәлімдеген. Ол үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша Әлеуметтік қор бөлімшесіне өтініш беріп, еңбек өтілін растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс.
Еске салайық, бұған дейін Францияда зейнет жасын 64 жасқа дейін көтермеу туралы шешім қабылданғаны хабарланған еді.