Ресейдегі турнирде бүгін үш боксшы қарсыластарын жеңді
АСТАНА. KAZINFORM - Ресейдің Хабаровск қаласында өтіп жатқан Константин Коротковты еске алуға арналған халықаралық турнирдің екінші жарыс күні, 16 сәуірде ел құрамасынан үш боксшы жеңіске жетті.

Ел құрамасынан бүгін жеті боксшы шаршы алаңға шыққан еді. Олардың арасынан үшеуі жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
2021 жылғы әлем чемпиондары Теміртас Жүсіпов (48 келі) турнирде ресейлік Михаил Прокофьевті, Сәкен Бибосынов (54 келі) ресейлік Курбан Байрамбековті 5:0 есебімен тізе бүктірді.
Ал 63,5 келіде Жандос Қыдыралиев әзербайжандық Абил Мамедовпен кездесуі тиіс еді. Қарсыласының жекпе-жектен бас тартуына байланысты жеңіс Жандосқа берілді.
Ел құрамасынан Анастасия Баязитова (75 келі) тунистік Бенмабрук Молка, Шұғыла Нәлібай (75 келі) өзбекстандық Азиза Зокирова, Фарух Тоқтасынов (71 келі) өзбекстандық Асылбек Абдурахманов, Бекзат Алдамжаров (51 келі) Амиршо Жалоловтан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды.
Айта кетсек, халықаралық турнир биыл он алтыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Байрақты бәсеке 20 сәуірге дейін жалғасады.
Осыған дейін Ресейдегі турнирде қазақстандық жеті боксшы шаршы алаңға шығатынын жазған едік.