Ресейден 4 жолбарыс елімізге қашан жеткізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Ресейден елімізге жолбарыстарды жеткізу мәселесі әлі пысықталып жатыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінен мәлім етті.

Зоопарк Алматы Алматы хайуанаттар бағы жолбарыс
Фото: Александр Павский/ Kazinform

— Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы жолбарыс бойынша Мемлекетаралық жұмыс тобының отырыстары жүріп жатыр. Министрлік алғашқы жолбарыстарды Қазақстанға әкелу мәселесін пысықтап жатыр. Әзірге нақты уақыты анықталған жоқ, — деді министрліктен агенттіктің сауалына орай.

Айта кетейік, 2024 жылы 21 қыркүйекте Нидерландының Хендердаэлл зообағынан «Іле-Балқаш» резерватына 2 жолбарыс жеткізілді. Қазір жолбарыстардың жағдайы бірқалыпты. Қыс мезгілін жақсы қыстап шықты.

— Жолбарыстар қоршау ішінде болғандықтан олардың күнделікті күтімімен «Жолбарыс» жабайы мысық тектестерді сақтау қауымдастығының мамандары айналысады. Резерват қызметкерлері, яғни мемлекеттік инспекторлар аумақта заңсыздыққа жол бермеу және орман өртін болдырмау, Балқаш көлін жағалай кезекшілік жұмыстарын жүргізу, арнайы бекеттер арқылы бақылау жұмыстарымен айналысады. Резерват штатында жолбарыстарды күтіп ұстау бойынша арнайы маман қарастырылмаған. Сондықтан резерват жолбарыстарды күту, бақылау және ветеринарлық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын «Жолбарыс» қауымдастығымен шарт жасасқан. Ал резерват қауымдастықтың жұмысын бақылау жүргізеді, — деді ведомстводан.

Айта кетейік, 2010 жылы Санкт-Петербургте Жер жаһандағы жолбарыстарды аман алып қалу бойынша Халықаралық форум өтті. Дәл осы форумда WWF (Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры) ұсынысы негізінде Қазақстан мен Ресей Орталық Азиядағы жолбарыстарды қайта өсіру бағдарламасының қолға алынғаны жарияланды. Содан кейін Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия, Иран, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан, Түркия елдерінің Тұран жолбарысын өсіруге болады-ау деген аймақтары зерттеліп, сараланғанымен, ақыры, екі орын, атап айтқанда Арал теңізінің Өзбекстанға қарасты аумағы мен Қазақстанның Балқаш көлінің маңы таңдалып алынды. WWF Тұран жолбарыстарын (негізінен Амур жолбарыстарынан өсіру) Қазақстанда — Балқаш өңірінде қалпына келтіру бастамасына қолдау білдірді. 2017 жылдың 8 қыркүйегінде Қазақстан Үкіметі жолбарысты Іле-Балқаш аймағындағы тарихи тіршілік мекеніне қайтару бойынша жоспарын жария етіп, жолбарыс реинтродукциясының бірлескен бағдарламасын іске асыру жөнінде WWF-мен меморандумға қол қойды.

Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты.

Соңғы жаңалықтар