Ресейдік іздеушілер тапқан қазақстандық әскердің мүрдесі туған жеріне жеткізілді - Павлодар облысы

Туысқандарының соғыстағы ұрыстар кезінде қаза тапқан аталарының мүрдесін туған жерге әкелу тілегі «Қазақстандық электролиздік зауыты» АҚ-ның «Майдан жолы» іздеу жасағының қолдауымен жүзеге асырылды.
Кеше Омск облысымен шекарадағы «Орлытөбе» кедендік бекетінде Кеңес Одағының туымен жамылған әскердің мүрдесі салынған контейнерді жас ресейліктер «Майдан жолы» іздеушілер жасағына салтанатты түрде тапсырды.
Үнсіздік минутынан кейін мүрде контейнердің үстіндегі кеңес туының үстіне қазақстандық ту жамылып, «Майдан жолы» жасағының мүшелері оны Қазақстан аумағына өткізді.
Қаза тапқан әскер тек 70 жылдан кейін туған жерінде жерленбек. 8 мамыр күні Қашыр ауданының Тереңкөл ауылындағы Жеңіс саябағында Жұмабай Бектұрсыновтың жерлестері еске алу митингін өткізеді.