Ресейдің Алтай университетінде «Қазақстан жолы - Н.Назарбаев» кафедрасы ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алтай мемлекеттік университетінде (АлтМУ) өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің «Шексіз білім» VIII білім беру аптасы және Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Білім және ғылым министрлерінің V кеңесі аясында АлтМУ құрамында «Қазақстан жолы - Н.Назарбаев» құрмет кафедрасы ашылды, деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметінен.
None
None

Кафедраны ашудағы басты мақсат - ҚР тұңғыш Президенті саясатын насихаттау, Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері, тілі мен тарихын жаңа форматта үйрететін мәдени-зерттеу орталығын ашу, Елбасы еңбектеріне негізделген пәндерді енгізу.

Кафедраның ашылуына ҚР Білім және ғылым министрлігі және М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, п.ғ.д., профессор М.Сарыбеков қолдау көрсетті. Оған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев, АлтМУ бірінші проректоры Виталий Мищенко, «ҚР тұңғыш Президенті - Ұлт көшбасшысының кітапханасы» ММ директорының орынбасары Мейрам Бектембаев және ТарМУ тарапынан университеттің оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры Тіріболсын Омарбекұлы қатысты.

Жоба авторы «ҚР тұңғыш Президенті - Ұлт Көшбасшысының кітапханасы» мемлекеттік мекемесі ҚР Білім және ғылым министрлігінен АлтМУ-мен бірге құрмет кафедрасын ашуға серіктес жоғары оқу орнын таңдауға ұсыныс білдірген еді. Ресейдің және ТМД-ның ең үздік 100 университетінің, Сібір федеративті округінің үздік 6 университетінің құрамына кіретін АлтМУ-мен бұл жобаны іске асыруға Қазақстанның барлық білім ордаларының ішінен М.Х. Дулати атындағы ТарМУ таңдалды.

Болашақта орталықтың қызметі оқу үрдісімен сабақтасып, студенттерге арналған элективті курс ретінде ендіру жоспарлануда. Сонымен қатар Н.Назарбаевтың жүріп өткен жолы мен жеке тұлға ретінде қалыптасу тарихы арқылы жастар арасында көшбасшы қасиеттерді қалыптастыру - кафедра авторларының көздеген мақсаттарының бірі. Ашылу салтанатында Мейрам Бектембаев қафедраны Елбасы кітапханасынан алынған кітаптардың мол қорымен толықтырды. Кафедрада Елбасы еңбектерімен қатар «Қазақ елі» ақпараттық қабырға тақтайшасы да орналасқан. Онда Қазақстанның мәдениеті, тілі мен дәстүрі, жетістіктері мен қысқаша тарихы қамтылған. Еліміз жайлы толық мағлұмат беретін көркем шығармалар, электронды кітаптар, зерттеу мен сараптама жұмыстары үшін аудио- және бейнематериалдар контент-орталық секторында орын тепкен. Аудио-бейне тақтайшада бейнематериалдар мен кітаптардың электрондық нұсқаларымен, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың әр түрлі тілдерге аударылған аудиокітаптар қамтылған. Ал «Назарбаевтың қазақстандық жолы» атты жарықдиодты панно Елбасының әр түрлі кезеңде түскен суреттері арқылы мемлекеттің даму тарихын айшықтайды. Алған әсерлері мен жүрекжарды лебіздерін жеткізу үшін келушілерге арналған «Менің Қазақстанға тілектерім» LED-тақтасы да қарастырылған. Инновациялық технологияларды пайдалана отырып ұйымдастырылған Елбасының құрмет кафедрасының ашылуы - әлемнің ең ірі ЖОО-да Н.Назарбаев орталықтарын ашу халықаралық жобасының бір бөлігі. 2014 жылдың сәуір айында Венгрияның Секешфехервар қаласындағы Янош Кодолани атындағы Қолданбалы ғылымдар университетінің қабырғасында дәл осындай құрмет кафедрасы ашылған болатын.

Соңғы жаңалықтар