Ресейдің Астрахан облысында Бөкей ханның кесенесі тұрғызылып жатыр

Қазақстан Елшігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Астрахан облысының билік органдары мен Қазақстан елшілігінің кесене құрылысы бойынша бірлескен іс-шараларының жоспарына Астраханда өткен кездесудің барысында Елші Зауытбек Тұрысбеков пен Астрахан облысының губернаторы Александр Жилкин қол қойды.
Тараптар кесененің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Олар сондай-ақ, мемориалдық кешеннің Ресей мен Қазақстанның арасындағы достықты нығайту ісіне үлес қосатындығына сенім білдірді.
Бірлескен жоспарға сәйкес, кесене алғашқы мінәжат етушілерді келесі жылдың сәуір айында - император І Павелдің Бөкей Ордасын Астрахан даласына қоныс аудару туралы жарлығының 210 жылдығының қарсаңында қабылдай алады. Жоба қазақстандық кәсіпкерлердің қаражатына қаржыландырылады.
Ішкі Қазақ Ордасы немесе Бөкей Ордасы - ХІХ ғасырдың басынан бастап ортасына дейін Ресей империясының құрамында болған және Еділ мен Жайық аралығында тұрған қазақ руларының мемлекеттік құрылымы. 1801 жылы император І Павелдің рұқсатымен және Бөкей ханның басшылымен Еділ маңы даласына 30 мыңдай адам көшіп барған.