Ресейдің автокөлік нарығындағы дағдарыс Қазақстанға қалай әсер етеді
«Бірінші жартыжылдықта Ресейде жеңіл көлік өндірісі 2021 жылдағы қаңтар-маусымға қарағанда 61,8 пайызға, яғни 279,2 мың машинаға дейін азайды. Ресейлік көлік маркаларының өндірісі 66,1 пайызға (76,5 мыңға дейін), шетел маркасына тиесілі автокөлік 59,9 пайызға (202,7 мыңға дейін) төмендеді», - делінген таратылған мәліметте.
Ресейге қатысты санкциялар бұл елдің автокөлік өндірісі мен нарығына да ықпал етті. Биыл наурыз айында бірқатар шетел автокөлік өндірушісі РФ-тегі өздерінің қызметін уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Компаниялар ресейлік зауыттардағы көлік өндірісін доғарып, дилерлерге жаңа көлікті жеткізуді тоқтатты.
Қазіргі кезде «АвтоВАЗ» тек Lada Niva және Lada Granta сияқты екі модельді ғана шығарып жатыр. Бұған дейін 20 жыл бойы Ресейдің автомобиль өнеркәсібі қарқынды дамып келген еді.
Атап айтқанда, 2019 жылға дейін Қазақстанда жаңа автокөлік импортының жалпы көлемінде РФ үлесі 50 пайыздан астам болса, 2020-2021 жылдары Ресей үлесі 40 пайыз шамасында қалыптасты. Ал биылғы қаңтар-сәуірде бұл көрсеткіш 32,2 пайызға дейін төмендеді.
Ресейде өндірістің уақытша тоқтауы мен автоконцерндердің нарықтан кетуі Қазақстанның да автокөлік нарығына ықпал етіп отыр. 2022- жылдың қаңтар-маусымында РФ-тен Қазақстанға импортталатын көлік саны 5,4 мың шамасында қалыптасып, былтырғы осы кезеңмен салыстарғанда 2,4 есе кем болды.
«Renault брендінің автокөліктерін импорттау бір жылда 7,6 есе, Mazda — 2,8 есе, Toyota — 2,6 есе, Volkswagen — 2,1 есе, Mitsubishi — 2,1 есе, Nissan 42,4 пайызға азайған, ал Skoda маркасының көліктері аталған кезеңде елімізге мүлдем жеткізілмеді. Тек Haval бренді бойынша Ресейден импорт артқан», - деп аталып өткен Finprom.kz ақпаратында.
Дегенмен, логистикалық дағдарыс пен бөлшектер тапшылығына қарамастан, Қазақстанда жаңа көліктердің саудасы тек 8 пайызға қысқарған. Биыл қаңтар-маусымда 51,9 мың жеңіл көлік сатылды. Бұл тұрғыда отандық зауаттарда құрастыралатын көліктердің үлесі артқан, яғни 62,7 пайыздан 75,9 пайызға дейін жетті.
Айта кетейік, осыған дейін Ресейден Қазақстанға көліктен бөлек, Lada, Kia, Hyundai, Renault маркаларының, сондай-ақ GAZ, KAMAZ, URAL көліктерінің бөлшектері жеткізіліп келді.
Қалыптасқан ахуалды ескере отырып, Қазақстан алдында тағы бір сын-қатер болуы мүмкін. Бұл ретте РФ-ке елімізден жаңа автокөліктер шығарылуы ықтимал. Ресейлік ақпарат кеңістігінде Қазақстаннан автокөлік алып келуге қатысты мәліметтер күн сайын көбейіп келеді. Бұл іс-шаралар бойынша ресейліктерге Қазақстандағы алыпсатарлар көмектесіп жатыр.