Ресейдің Магнитогорск қаласында құлаған үйде мерт болғандар саны 7 адамға жетті

Агенттіктің хабарлауынша, үйдің құлауына жарылыс себеп болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, тұрмыста пайдаланылатын газ жарылған. Соның салдарынан үйдің подъезі құлаған. Қазіргі таңда тағы екі подъез құлауы мүмкін деген қауіп бар. 10 қабатты тұрғын үйде барлығы 12 подъез бар. Онда 1,1 мың адам тұрып жатыр.
Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, оқиғаның салдарынан мерт болғандар саны 7 адамға жетті. Олардың мәйіттері үйдің қирандыларының астынан алынған. Министрліктің соңғы мәліметтері бойынша, құлаған үйде тұрып жатқан және осы оқиғадан зардап шеккен тағы 35 адамның тағдыры беймәлім болып отыр. Министрлік байланысқа шыға алмай отырған үйдің тұрғындарының тізімін жариялады. Өз кезегінде Магнитогорск қаласының әкімшілігі құлаған үйдің 45 тұрғынының тізімін жариялады. Олармен ешқандай байланыс жоқ.
Оқиға болған аймақта іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Апаттың салдарымен күреске 1,3 мың адам және 200 техника жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар министрлігі іздестіру-құтқару жұмыстарының жуырда бітуі қажеттігін айтты. Алайда, үскірік аяз бен үйдің тағы да құлау мүмкіндігі жағдайды одан сайын күрделендіріп отыр.
Қалада төтенше жағдай жарияланып, кешірек ол бүкіл Челябинск облысы бойынша жарияланды. РФ Тергеу комитеті үйдің құлауына байланысты қылмыстық іс қозғады.