Ресейдің Омбы қаласында қазақстандық суретшінің көрмесінде киізден басылған пейзаждар ұсынылуда (ФОТО)

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Омбы қаласында Павлодар мемлекеттік университетінің ұстазы Майса Ықыласованың «Жібек жолы» атты көрмесі өтуде, деп хабарланған ЖОО сайтында.

С.Торайғыров атындағы ПМУ-інің сәулет-құрылыс факультетінің «Сәулет және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Майса Қамысбайқызының көрмесі Омбы қаласының А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханасының көрме залында өтуде.

Көрмеге киізден басылған «Менің Қазақстаным» атты пейзаждар сериясы мен Мұқағали Мақатаевтың поэзиясына арналған «Мұқағали» атты графикалық суреттер сериясы - барлығы 30 туындысы қойылды. Майса Ықыласова жеке көрмесінің ашылуына Омбыдағы аймақтық «Мөлдір» сібір-қазақ мәдени орталығының төрайымы Алтынай Жүнісова ұйытқы болғанын атап өтті. «Көрмеге Омбыда тұратын қандастарымыз, өнерсүйер азаматтар мен жергілікті ұлт өкілдері, студенттер мен оқушылар көп келді. Омбыдағы Көркемөнер институтының директоры, Ресей Суретшілер одағының мүшесі Қайыртай Әмірғазин, суретші Амангелді Шәкенов сияқты әріптестерімен кездесіп, ой бөлістік», - деді Майса Қамысбайқызы. Омбы қаласындағы Қазақстанның консулы Елдар Қонаев суретшінің еңбектерін жоғары бағалап, әрі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың дамуына зор үлес қосқаны үшін Майса Ықыласоваға Алғыс хат табыс етті. Көрме барысында Майса Қамысбайқызы жергілікті өнер жанашырларына арнап шеберлік сыныбын өткізді. Омбы қаласында өтіп жатқан «Жібек жолы» көрмесі 2015 жылдың 15 ақпанына дейін жұмыс жасайды.

Соңғы жаңалықтар
telegram