Ресейдің Астрахан облысында жанған қамыстың жағымсыз иісі Атырауда сезілді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Ресейдің Астрахан облысында қамыс өртенді. Жанған қамыстың жағымсыз иісі Атырауда сезілді.
Кеше түнде атыраулық жағымсыз иістің шыққанына шағымданды.
Бұл туралы әлеуметтік желіде Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, көрші елдегі қамыс кеше, 8 сәуірде сағат 17:50-де өртенген.
«Ресей Федерациясының Астрахан облысында қамыс өртенді. Жалын шарпыған аумақ - 800 шаршы метр. Осыған байланысты Атырау облысының аумағында барлау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Атырау облысының аумағында өрт ошағы анықталған жоқ», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында төтенше жағдай жарияланды.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов тұрғындар өміріне қауіп төнсе, алдын ала хабарланатынын айтты.
Кейін Жайық өзенінің суы Атырау қаласына қай тұстан кіруі мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз.
Атырау тұрғындары тасқын суға қарсы бөгет тұрғызуға жұдырықтай жұмылды.