Ресейлік Алматы облысында кісі өлтіру күдігімен тұтқындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысының полициясы жергілікті 54 жастағы тұрғынды өлтірді деген күдікпен Ресей азаматын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ресейлік Алматы облысында кісі өлтіру күдігімен тұтқындалды

Ведомство мәліметінше, қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түнде Ескелді аудандық ішкі істер бөлімінің кезекшілігіне Қоржынбай ауылындағы жеке үйлердің бірінен зорлық-зомбылық белгілері бар адамның мүрдесі табылғандығы туралы ақпарат түскен. Мүрдеден ұрып-соққан іздер көрініп тұрған. Кісі өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған полиция қызметкерлері оны ашуға бағытталған шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде құқық қорғаушылар бірнеше сағаттың ішінде күдіктіні анықтады. Ол Ресей азаматы болып шықты.

«Күдікті ретінде РФ Иркутск облысына қарасты Свирск қаласының 35 жастағы тұрғыны ұсталып,  кінәсін мойындады. Күдікті өзінің қылмыстық әрекетінің ішімдік ішу барысында орын алғандығын айтты. Оның 2011 жылы Қазақстан аумағында қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы және жазасын өтегеннен кейін ел аумағынан шығарылғандығы анықталды», - делінген таратылған ақпаратта.

Ұсталған ресейлік азамат Қазақстан аумағында заңсыз жүргендігін, 2017 жылдың мамырында мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткендігін айтып отыр. Қазіргі уақытта күдікті ҚР ҚІЖК 128 бабына сәйкес қамауға алынған. Сотқа дейінгі тергеу амалдарын Ескелді аудандық полициясы жүргізуде.