Ресейлік әнші Афина Халықаралық фестивальде қазақша ән шырқады

Қазақстан тумасы Афина өнер сүйер қауымды қазақ тіліндегі әнімен сүйсіндірді.
«Төлқұжатымда туған жері - Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласы деп жазылып тұр. Мен сіздерге бөтен емеспін. Әкемнің денсаулығына байланысты 5 жасымда Ресейге қоныс аударуға мәжбүр болдық. Туған жерден жырақта жүрсем де жүрегім Қазақстан деп соғады. Кейбір сөздерді білгеніммен, репертуарыма қазақ тіліндегі әндерді қосу менің көптен бергі арманым еді. Арманым орындалды. Әзірге ол біреу болғанымен, алдағы уақытта оның қатарын толықтыратын болам. Өйткені алғашқы қорқынышым басылып, бойымдағы үрейді жеңдім», - дейді шансон жұлдызы Афина.
Оның айтуынша, фестиваль ұйымдастырушысы Жалғас Қасенов ол үшін тапсырыспен арнайы ән жаздырған. Репертуарын ағылшын, грек, италиян, француз сияқты түрлі шет тілдеріндегі әндермен толықтырып жүрген әнші, енді қазақстандық өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөлену үшін қазақ тіліндегі әндерді орындауға бел буып отыр.