Ресейлік байқаушылар сайлау учаскелерінен ешқандай шағым түспегенін мәлім етті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Таңертеңнен бері елорданың бірнеше сайлау учаскесін аралап шыққан ресейлік байқаушылар ешқандай шағымның түспегенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресейлік байқаушылар сайлау учаскелерінен ешқандай шағым түспегенін мәлім етті

«Қазақстанға тұңғыш рет келіп тұрмын. Сол себепті, екі күннің ішінде қаланы аралап, көрікті орындардан ерекше әсер алдым. Елорданы аралап жүріп, астананың осы қалаға ауыстырылуының - тағдыршешті және көреген шешім екеніне көзім жетті. Қаланың сәулеті мен сымбаты ерекше», - деді елорданы аралау кезінде алған әсерімен бөліскен РФ Федералды жиынының Федерация кеңесінің мүшесі, халықаралық байқаушы Владимир Кравченко.

Халықаралық байқаушы аралаған сайлау учаскелерінің бәрінде де халықтың мол болғанын атап өтті.

«Біз алдымен сайлау учаскелерінде бұзушылықтар орын алды ма, жоқ па деген сұрақтарға жауап іздеген едік. Техникалық тұрғыда белгілі бір жағдайлар кездесті. Мәселен, халықтың көбі сағат таңертеңгі оннан кейін барғаннан соң болар, ұзын-сонар кезектер туындаған жағдай кездесті. Кейбір адамдар тізімнен өз атын іздеп таппай жатты. Бірақ, бұл мәселелер жедел шешіліп жатқанын атап өту керек», - деді ол.

Владимир Кравченко өз сөзінде аралаған сайлау учаскелерінде халықтан ешқандай шағым түспегенін жеткізді.

«Бәрі де Конституцияға сай жүріп жатыр», - деді ресейлік байқаушы.

Айта кетсек, аталмыш баспасөз мәслихатында тағы бір ресейлік байқаушы, «ТАСС» ақпараттық агенттігі бас директорының орынбасары Михаил Гусман сайлауда қазақстандықтар ерекше белсенділік танытып жатқанын мәлім еткен еді.

Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлау басталды. ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ел ішінде және шет елдерде 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді.

Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7.00-20.00 аралығы) болады.