Ресейлік делегация еліміздің соттарындағы жаңа технологияларға және басқа да жаңашылдықтарға қызығушылық білдірді

Сапар шеңберінде ресейлік делегацияның Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәмимен кездесуі өтті. Кездесу шеңберінде тараптар екі ел сот жүйесінің дамуы туралы өзекті ақпарат алмасты. Кездесуге сондай-ақ Ресейдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі М.Бочарников қатысты.
Делегация мүшелері үшін еліміздің жоғары сот органының ғимаратына экскурсия ұйымдастырылды. Сот отырыстарының залдары таныстырылып, ғимараттың салыну тарихы мен инфрақұрылымдық ерекшеліктері айтылды. Таныстырылым барысында еліміздің соттарында қолданылып жатқан жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларға айрықша назар аударылды.
Бұдан әрі ресейлік делегацияның Жоғарғы Сот судьяларымен және аппараттың құрылымдық бөлімдерінің басшыларымен кездесуі өтті. Оның шеңберінде В.Яковлев Ресейдегі құқықтық мемлекеттің және төрелік жүйесінің қалыптасу ерекшеліктері туралы сөз сөйледі.
Меймандар «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары шеңберіндегі сот жүйесін реформалау барысы туралы мәлімет алды. Негізінен, судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптардың күшейтілуі, тергеу судьяларының өкілеттіктерін кеңейту, үш сатылы сот жүйесіне көшу, азаматтық сот істеріне прокурордың қатысуын қысқарту, Жоғарғы Сот жанында Сот төрелігі академиясы мен Халықаралық кеңес құру секілді өзгерістер кеңінен әңгімеленді.
Ресейлік делегация Жоғарғы Сотта инвестициялық дауларды қарайтын мамандандырылған алқа және Астана қаржы орталығының сотын құруға байланысты жаңашылдықтарға зор қызығушылық танытты. Кездесу шеңберінде бірқатар қызықты әрі нақты мәселелер бойынша пікірталас болып, екі елдің сот жүйесінің жұмысы туралы көптеген сұрақтар қойылды.
Ресейлік делегация Қазақстанда 23 маусымға дейін болады. Сапар шеңберінде Конституциялық Кеңес Төрағасымен, Әділет министрімен, «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігімен, жеке сот орындаушылары республикалық палатасымен, адвокаттар алқасымен және т.б. бірқатар кездесулер жоспарланған.
Бұл - ресейлік делегацияның Жоғарғы Сотқа таяу арада жасаған екінші сапары. Ресейлік судьялар мен Ресей Жоғарғы Сотының жанындағы Сот департаменті қызметкерлерінен құралған делегация 2016 жылдың 30 мамыры мен 2 маусымы аралығында Қазақстанға келіп, соттар жұмысында жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданудағы отандық тәжірибені зерделеген болатын.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам - Ұлт жоспарында құқық тәртібі және заңдылық мәселесіне ерекше назар аударылған.
Ұлт жоспарында: «Екінші реформаның мәні тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуы тиістігінде.
Оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі мен жаңа «Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заң қабылданды. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық-іс жүргізу кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қажетті өзгерістер енгізілді.
Бәрінен бұрын, жаңартылған заңнамалар қоғамның сот жүйесіне сенімін арттыруға ықпал ететін болады. Әділдік нақ сотта салтанат құратыны белгілі.
Қазақстан соттарын реформалаудағы темірқазық мәселе - сапалы судьялар корпусын жасақтау.
Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің қатаң тетігі мен оларға қойылатын жоғары біліктілік талаптары заң тұрғысынан қарастырылған.
Сот төрелігін үлкен өмірлік тәжірибесі бар және жоғары моральдық ұстанымдарға ие ең лайықты әрі барынша дайындалған кәсіби шеберлер жүзеге асырулары тиіс.
Судьяларды іріктеу мен тағайындау үдерістері қоғам үшін мөлдір және ашық болады.
Осымен байланысты өзінің аппараты бар, құрамы мен өкілеттілігі кеңейтілген автономды мемлекеттік мекемеге айналатын Жоғары Сот Кеңесі түбегейлі реформаланды.
Сот реформасының маңызды қыры - сот төрелігінің бес сатылы жүйесінен үш буынды жүйесіне өту.
Тек бірінші, апелляциялық және кассациялық инстанциялар қалады. Бұл жерде көп іс қаралатын бірінші және апелляциялық инстанциялар соттарының рөлдері айтарлықтай күшейтілетін болады. Мұндай қадам соттық әуре-сарсаңның алдын алып, сот шешімін қабылдаудың мерзімін қысқартады.
Қазақстандағы сот төрелігі азаматтардың жеке өмірінің құпиялығына кепіл құқын есепке ала келгенде барынша ашық бола түседі.
Сот залдары сот істерін аудио және видеожазудың аппаратураларымен жарақтандырылады және жазбаларды қандай да бір тоқтатуға немесе редакциялауға мүмкіндік берілмейді.
Бұл судьяларды және сот мәжілісіне басқа да қатысушыларды тәртіпке шақырады, сот процесі мен сот қабылдаған шешімнің объективтілігін қамтамасыз етеді.
Сот жүйесін реформалау шеңберінде бірқатар институттық шешімдер жұмыс істей бастайды.
Біріншіден, Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриі түбегейлі қайта құрылады.
Сот жюриі азаматтардың судьялардың іс-әрекетіне және судьялық корпус өкілдерінің қабылданады деп күтіліп отырған Этикалық кодексті бұзу жағдайларына байланысты арыз-шағымдарын қарайтын болады.
Екіншіден, Жоғарғы Сот жанынан дауларды, оның ішінде, ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін мамандандырылған алқа құрылатын болады.
Оның шеңберінде шетел инвесторларының құқын өздерінде туындаған құқықтық даулар бойынша сапалы әрі әділ шешу жүзеге асырылады.
Үшіншіден, қылмыстық іс жүргізу шеңберінде соттарда, оның ішінде сотқа дейінгі кезеңде, айыптау мен қорғау арасында теңгерім қамтамасыз етілетін болуы тиіс.
Бұған адамның конституциялық құқы мен бостандығын шектейтін тергеу судьясының барлық тергеу әрекетін санкциялау бойынша өкілеттіліктерін одан әрі қарай кеңейту есебінен қол жеткізілетін болады.
Төртіншіден, қазақстандық соттардың төрағалары - құқы теңдердің ішіндегі жолы кеңдері екенін ұмытпау маңызды.
Сондықтан олардың тарапынан басқа судьялар қабылдайтын шешімге ықпал ету мүмкіндігі мүлдем болмайды.
Бесіншіден, мемлекеттік сот орындаушыларын кезең-кезеңімен қысқарту арқылы жеке сот орындаушыларының институты одан әрі дамытылады.
Сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтатын шаралардың маңызы ерекше.
Менің тапсырмам бойынша бүгінде құрметті зейнетке шыққан судьяларды зейнетақылық қамтамасыз ету бойынша барлық мәселелерін шешуді қарастыратын заң қабылданғаны белгілі. Бұл судьяларға бар күш-жігерін сот төрелігін барынша объективті атқаруға аудару мүмкіндігін береді.
Бұдан бөлек, бізге барлық құқық қорғау органдарының және бәрінен бұрын полицияның адамдардың мүддесі мен құқықтық тәртіпті нығайту қызметінде тұруына қол жеткізуіміз қажет.
Бұл үшін жергілікті билік органдары мен жергілікті қоғамдастықтарға есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылады. Осындай қызмет тұтастай Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше бірқатар елдерде өзін жақсы танытты.
Жергілікті полиция қызметінің қарауына қоғамдық тәртіп күзеті, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ұсақ құқық бұзушылықтарға атымен төзбеушілік мәселелері беріліп отыр.
Осы жаңалықтар жаңа заңнамада көрініс тапқан. Онда, сондай-ақ, азаматтардың этикалық нормаларды бұзған полициялардың үстінен түсірген арыз-шағымдарын қарайтын қоғамдық кеңестер мен өзге де консультативтік-кеңестік органдар жүйесін құру қарастырылған.
Сондай-ақ, «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» интернет-порталы құрылатын болады. Мұндай тетік әлемнің бірқатар елдерінде табысты қолданылып келеді. Осы веб-ресурсқа елдегі барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар жедел енгізіледі. Бұл жұртшылықтың құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін бақылауына мүмкіндік береді.
Пенитенциарлық жүйені жақсарту көкейкесті мәселе болып табылады. Бұл жұмыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамыту шеңберінде жүргізілуі тиіс.
Шетелдердің табысты тәжірибелері жеке секторды пенитенциарлық мекемелерді салу мен пайдалануға тарту жөніндегі шараларды жүзеге асырудың негізі болуы тиіс.
Сондай-ақ, бұған дейін заңнан аттап, сонысы үшін жазасын өтеген адамдарға көмек көрсету мен ықпал ету маңызды.
Бұл үшін әлеуметтік оңалту кешенді дамытылып, жазасын өтеп жатқан азаматтар үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары енгізілетін болады.
Тұтастай алғанда, Қазақстанда құқықтық мемлекеттің орнықтырылуы - біртұтас жаңғырту үдерісі аясында шешіліп жатқан біздің конституциялық міндетіміз. Белгіленген шаралар мен қадамдарды жүзеге асыру азаматтардың, сондай-ақ, шетел инвесторларының ұлттық сот және құқық қорғау жүйесіне сенімін арттырып, тұтастай алғанда, еліміздегі бизнес-ахуалды жақсартады» делінген.