Ресейлік Ивановода «Қазақстан тауарлары» сауда орталығы ашылды (ФОТО)

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Иваново қаласында Иванов облысының кәсіпкерлері Қазақстан Республикасының бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын, сондай-ақ Иванов облысы мен Қазақстан өңірлері бизнесінің өзара іс-қимыл серпінін ұлғайту мүмкіндіктерін талқылады.

Шараға РФ-дағы ҚР Елшілігінің, Ресейдегі Қазақстан Сауда өкілдігінің, «Атамекен» ҰКП өкілдері, ОҚО, Иванов облысының Үкіметі, Сауда-өнеркәсіптік палатасының бизнес делегациясы, сондай-ақ өңірлік бизнес орта және Иванов облысы ЖОО-ларының өкілдері қатысты.

Конференция барысында қатысушылар ҚР мен Иванов облысының экономикалық әлеуеті мен өңірлердің перспективалық инвестициялық жобаларын таныстырды. Өнеркәсіптік, тоқыма, азық-түлік кластері кіретін басым бағыттармен қатар тараптар ҚР өңірлері мен Иванов облысының туристік кластерін дамыту мәселелерін талқылады. Бұдан басқа, гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланды, атап айтқанда Қазақстаннан студенттерді Иванов мемлекеттік энергетикалық университетінде оқыту мүмкіндігін қарады.

Кездесуге қатысушылар тараптар әлеуеті және мүмкіндіктерімен барынша егжей-тегжейлі танысу үшін өзара бизнес сапарлар ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығы мен Иванов облысы Сауда-өнеркәсіптік палатасы арасындағы ниеттестік туралы хаттамаға қол қойылды.

ҚР Сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Жібек Әжібаева атап өткендей, ресейлік тарап қазақстандық мақта шикізатына, ауыл шаруашылығы өнімдеріне қызығушылық танытуда. Бұдан басқа, Иванов облысының аумағында сауда-логистикалық кластер құру жобасын іске асырудың перспективалары бар, ол қазақстандық бағытқа бағдарланатын болады.

Конференция соңында «Қазақстан тауарлары» атты сауда орталығы салтанатты түрде ашылды. Ол 2015 жыл бойы жүргізген тұрақты кездесулер мен Қазақстан мен Иванов облысының кәсіпкерлері мен мемлекеттік ұйымдарының өкілдері арасындағы делегация сапарлары жұмыстарының іс жүзіндегі жемісі болып табылады.

Жобаға бастамашылық еткен «Еуразиялық диалог» халықаралық қоры. Бастаманың табысты іске асуына РФ-дағы ҚР Елшілігі, Ресейдегі Қазақстан Сауда өкілдігі, Иванов облысы Үкіметінің қолдауы мен жәрдемі сеп болды.

Сауда орталығынан дайын өнімді сатып алып қана қоймай, көрме үлгілерімен танысуға болады. Сауда үйінің ашылуымен қазақстандық кәсіпкерлер РФ Орталық федералдық округ аумағында өнімді сатуға қызметтің толық спектрін пайдалануға мүмкіндік алды.

Тұтастай, екі елдің бизнес-қауымдастық өкілдері «Қазақстан тауарлары» сауда орталығының жобасын, екі ел кәсіпкерлерінің диалогы барысында айтылған басқа да бастамаларды іске асыра отырып, бизнес-байланыстарды дамыту арқылы Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланысына оң ықпалды арттырып, ара-қатынасты нығайта түседі.

Соңғы жаңалықтар