Ресейлік кәсіпкер: Қазақстанда цифрландыру деңгейі жоғары
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ресейдің «RTVI Новости» сайтына сұхбат берген ресейлік кәсіпкер, инвестор Сергей Гришин Қазақстанда бизнес жүргізудің тиімділігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мен 10-11 жыл көлемінде Қазақстанда жұмыс істедім. Қазақтар қарапайым, сабырлы халық. Мен ол жақта өзімінің білетінімнен де көп дүниені үйрендім», деді Гришин сұхбат барысында. Сонымен қатар, ресейлік кәсіпкер Қазақстанда цифрландыру деңгейінің мықты дамығанын атап өтті.
«Расында да, Қазақстанда цифрландыру жоғары, ол өте керемет ел. Қазір онда сақтандыру компаниясы жұмыс істейді. Мен оның директорлар кеңесінің мүшесімін. Компания арқылы көлікке сақтандыруды сатып алуға болады. Ол үшін тек автокөліктің нөмірі мен ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) болса жеткілікті. Кейін сенің поштаңа сақтандыру құжаты жолданады, тиісінше сен көлік тізгіндей бере аласың. Қазір менің телефонымда қазақстандық темір тұлпарды жүргізуге қажетті куәлік пен құжаттар бар. Мұның барлығы менің ұялы телефонымда тұр. Мен оны кез келген уақытта патрульдік полицияға көрсете аламын», - деп пікір білдірді ресейлік кәсіпкер Сергей Гришин.