Ресейлік және қазақстандық ғалымдар инновация мен жаңа технологияларды енгізу мәселелерін талқылады
Олардың арасында Самара мемлекеттік және муниципалдық басқару академиясының ректоры В.Семенычев, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры С.Кибальников, Саратов мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық университетінің профессоры Р.Байниязов, барлығы отыздан астам түрлі академиялардың мүшелері бар.
Облыс әкімінің орынбасары Алмаз Бадашев Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ғылымға негізделген экономикаға қол жеткізу, жаңа инновациялық ізденістерге ден қою, әлемдік озық технологияларды экономиканы дамытуда ұтымды пайдалану керектігі алға қойылғанын атап өтті.
«ҚазИИТУ» ғылым-білім кешені заман тынысын әріден сезініп, іргедегі Ресеймен екі арада ғылым, инновация салаларындағы интеграциялық үдерістерге баса мән беріп келеді. «Еуразиялық өзен аралығы» атты халықаралық қоғамдық қозғалыстың аясында аталмыш кешенде ғарыштық технологиялар, автоматтандыру және радиоэлектроника, сонымен қатар салааралық технологиялар бойынша ғылыми конференция-конгрестер ұйымдастыру дәстүрге айналды.
ҚР Ұлттық инженерлік академиясы БҚО филиалының төрағасы, «ҚазИИТУ» ғылым-білім кешенінің президенті Ақсерік Әйтімовтің айтуынша, «ҚазИИТУ» ғылым-білім кешені 2010 жылдан бері Пенза мемлекеттік университеті және Қ.Сәтбаев атындағы Қазақтың ұлттық техникалық университетімен бірлесіп, интеллектуалдық және инновациялық идеялардың трансфертін жүзеге асырып келеді. Былтырдан бері Ресейдің «Дубна» халықаралық табиғат, қоғам және адам университетімен «Бірқалыпты инновациялық даму» атты консорциумдық жоба жұмыс істеуде. Осындай жұмыстардың нәтижесінде университет ғалымдары Кедендік одақ мемлекеттері және Еуропаның ғылыми орталықтарымен тұрақты байланыс орнатып, инновациялық көрмелерге қатысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ соңғы жылдары Ресей мен Еуропада өткен ғылыми инновациялық көрмелерде қайтадан жандандырылатын энергия, автоматтандыру және телемеханика, радиоэлектроника салаларын қамтитын жобалар жоғары бағаланды.
Мәскеудің, Дубнаның, Самараның, Тольяттидің, Орынбор мен Саратовтың жетекші ғалымдарын университеттегі оқу үрдісіне тартып, зияткерлік инвестициялардың құйылуына мүмкіндік жасалған. Соның бір дәлеліндей мысал, С.Королев атындағы Самара мемлекеттік аэроғарыш университетімен арадағы жасалған келісімшарт негізінде ҚазИИТУ ғалымдары ғарыштық аппараттар тікұшақтары иондық қозғалтқыштарының жаңа үлгілері мен жобаларын жасаған. Жобалар Самарадағы аэроғарыш университеті ғылыми ұжымының жоғары бағасына ие болды. Осындай ілкімді жұмыстардың нәтижесінде оралдық университет кешені Еділ өңірінің ІТ технологиясы саласындағы жетекші жоғары оқу орнындағы қауымдастығының құрамына кірді.
Көрші мемлекеттердің ғылым жолындағы ізденістерін бір арнада тоғыстыратын кезекті интеграциялық конгреске қатысушылар алдағы уақытта да бірлесіп жұмыстануға дайын екендіктерін жасырмады. Дубналық халықаралық университеттің және М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеттің ғалымы Сергей Кибальниковтың сөзіне қарағанда, өткен жылдан бастап «Дубна» университетінде ҚазИИТУ-дың жас мамандары қатарынан магистранттар даярлаудың арнайы бағдарламасы қолға алынған. Ал самаралық бірқатар мемлекеттік университеттерде осы үрдіс жалғасуда. Осының бәрі - ғылымдағы интеграцияның нақты мысалдары. Сондықтан инновация, жаңа технологияны трансферттеу бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек.
Конгресс жұмысы барысында мәскеулік ғалым Сергей Кибальников облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа экологиялық қауіпсіздік және табиғатты пайдалану халықаралық академиясының академигі атағы берілгенін хабарлап, диплом мен осы атақ берілгені жөніндегі куәлікті облыс әкімдігі өкілдеріне табыстады.