Ресейліктер «ұйқылы» Калачи ауылы туралы фильм түсірді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ресейде Калачидегі «ұйқы ауруы» туралы RT компаниясы түсірген «Ұйқылы дала» фильмнің премьерасы өтеді. Бұл туралы RTД Russian телеарнасы хабарлады.
None
None

«Фильмнің режиссері Алена Симикина түсіру тобымен «жұмбақ дертке» ұшыраған Қазақстандағы Ақмола облысының Калачи елді мекенінде болды», делінген хабарламада.

«Адам өзінен өзі ұйықтап қалады да 4-7 күннен кейін ғана барып есін жияды. Дәрігерлер ұйқыға шалдыққандардың денсаулығынан еш ақау таппайды. Дертке тұрғындардың барлығы, еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін шалдығады. Тіпті, сәбилер де «ұйықтап» кеткен оқиғалары кездескен. Бұл жағдай - Қазақстан Астанасынан 445 шақырым қашықтықта орналасқан Калачи селосында», делінген туындыда.

Фильм режиссері Алёна Симикинаның айтуынша, түсіру тобы Калачиге сақтықпен барған. Өйткені, мұнда жергілікті халық қана емес, сырттан келген қонақтарда ұйықтап қалады дегенді естіген.

«Кез-келген уақытта өзімізде ұшырап қалатынымызды түсіндік. Алғашқы күні басымыз ауырып, күйзелдік, алайда ешкім қалғымады», - дейді режиссер.

«Кеңес үкіметі кезінде уран шахтасына байланысты село құпия болған. Шахта 1980 жылдары жабылғанымен, «ұйқы дерті» соңғы жылдары шыға бастады. Жергілікті тұрғындардың жартысынан астамы дерт жабылған шахтадан келді десе, қалған жартысы оны құпия елестен көреді», - дейді түсіруші топ.

RT түсіру тобы жергілікті тұрғындармен әңгімелескен, сондай-ақ, мәскеудегі сарапшыларға тапсыру үшін осындағы су және ауа сынамасын алғанын айтады. Оның нәтижесі фильм премьерасында көрсетілмек екен.

PS: Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 10-шы желтоқсанында Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин жұмыс сапарымен Калачи селосында болған еді. Онда өңір басшысы село тұрғындарымен кездесіп, ауыл тұрғындарын көшіру мәселесін айтты.

Әкімнің мәлімдеуінше, алғашқы болып балалары бар отбасыларын көшіру көзделіп отыр. Бірінші кезекте Калачи селосы мен Красногорск кентінің тұрғындары Есіл, Державинск қалаларына және сол маңдағы жақын елді мекендерге көшіру мәселесі қаралып жатыр. Сондай-ақ, облыс аумағындағы өзге де елді мекендерге де көшірілуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар