Ресейлік хирург атыраулық науқас балаларға бес күрделі ота жасады

Ресейлік хирург Атырау облыстық балалар ауруханасында «Шұғыл балалар хирургиясы» жобасы шеңберінде науқас балаларға күрделі бес ота жасады, деп хабарлайды Kazinform.  

сәби
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Академик С.Долецкий атындағы Ресей медициналық үздіксіз кәсіптік білім беру академиясы балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Юрий Соколовтың айтуынша, бұған дейін Алматы, Ақтау, Семей қалаларында шеберлік сағатын өткізген. Ал Атырауға алғаш рет келген.

«Шеберлік сағаты күрделі оталарды заманауи технологияның көмегімен жасау, жергілікті мамандарды даярлау мақсатында өткізілді. Мұндағы замауни медициналық жабдықтар бар. Бес ота жасадым. Атыраулық дәрігерлерге әр отаның күрделігі, маңызы жөнінде тәжірибеммен бөлісіп, толық ақпарат бердім. Жалпы медицина саласы жаңашылдықты талап етеді. Алдағы уақытта ауруханалар жаңа технологиялармен толықтырылып, дәрігерлер білімін жетілдіріп тұрғаны жөн», -дейді Юрий Соколов.

Облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетовтің айтуынша, ресейлік балалар хирургы емдеу тәсілдерін дәрігерлерге үйреткен. Отаның бәрі сәтті болған. Қазір ота жасалған балалардың жағдайы қалыпты, дәрігерлердің жіті бақылауына алынған.

«Күрделі ота 3-15 жастағы балалардың асқазан-ішек жолдары ауруына жасалды. Бір балада гемолитикалық анемия болды. Ота кезінде көкбауыр кистасы алынып тасталды. Тағы бір балаға өт жолдарының ақауы диагнозы қойылған. Балалардың бәрі отадан кейінгі оңалту кезеңінен өтіп жатыр», - деді балалар ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Мерғазиева.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда дүниеге келген 20 миллионыншы сәбидің есімі – Мұхаммад екенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар