Ресеймен, Беларусьпен ықпалдастық және республиканың ДСҰ-ға кіруі алдында отандық АӨК-тің бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды рөл атқарады - Н.Назарбаев

АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековты қабылдады.
None
None

А.Мамытбеков Қазақстан Президентіне ауыл шаруашылығының ағымдағы жағдайы туралы баяндады, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі.  

Мемлекет басшысы елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі реформаны жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

­- Ауыл шаруашылығын дамыту еліміз үшін маңызды басымдық болып табылады. Ресеймен, Беларусьпен экономикалық ықпалдастық және республиканың Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі алдында отандық аграоөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды рөл атқарады. Өткен жылы астықтан мол өнім жиналып, оны сақтауда, тасымалдауда және экспортқа жөнелтуде біраз проблема туындады. Бұл элеваторлардың, жүк вагондарының жетіспеушілігі және өзге проблемалық мәселелерге байланысты болды. Елдің ауыл шаруашылығының тиімді қалыптасуының тағы бір маңызды факторы мал шаруашылығы саласын жаңғырту болып табылады. Осы мәселелердің табысты шешімін табуы бізден үйлесімді әрекетті және ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде кешенді бағдарламаны қабылдауды талап етеді. Бүгінде біз өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырып қана қоймай, сондай-ақ тиісінше оның сапасын жақсартуымыз қажет. Бұл үшін қажетті ресурстар бар. Соңғы 15 жыл ішінде отандық агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 1,5 триллион теңге бөлінген, тек 2011 жылы ғана бұл салаға кемінде 115 миллиард теңге бөлінді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ауыл шаруашылығы министрі сондай-ақ Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламасының тұжырымдамалық ережелері туралы мәлімдеді.

- Сіздің агроөнеркәсіп форумында және Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаңызды орындауда біз саланы тікелей мемлекеттік қаржыландырудың тәжірибесінен ынталандырудың тетіктеріне қаржы бөлуге жол көрсететін, қаржы рыноктарынан инвестиция тартуға өтуді қарастырдық. Бұл құралдар мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктерін арттырады. Шын мәнінде, біз ауыл шаруашылығын жеке меншік несиелік институттардың инвестициялауына рұқсат етуді қамтамасыз етеміз. Олар бұрын ұсынылатын ресурстардың құны бойынша мемлекеттік институттармен бәсекеге түсе алмайтын. Жалпы алғанда, мемлекет агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің бастама көрсетулері үшін қолайлы жағдай жасауы керек, - деді А.Мамытбеков.

Осыған байланысты Президент бағдарламаның тұжырымдамалық ережелерін салалық одақтармен, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен және өзге мүдделі мемлекеттік органдармен пысықтауды тапсырды.

Мемлекет басшысы кездесудің қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрі алдына бірқатар міндет қойып, нақты тапсырма берді.  

Соңғы жаңалықтар