Ресеймен келіссөз барысында украин делегациясын Рустем Умеров басқарады
АСТАНА.KAZINFORM — Украина президенті Владимир Зеленский Ресей Федерациясымен келіссөз жүргізу үшін делегация құруды тапсырды, оны Рустем Умеров басқарады, деп хабарлайды ТАСС.

— Мен ресейлік тараппен келіссөз жүргізу үшін делегация құруды тапсырдым. Делегацияны Рүстем Умеров басқарады, — деп жазды Зеленский Telegram-арнасында.
Бұған дейінгі делегацияны да сол кезде елдің Қорғаныс министрі қызметін атқарған Умеров басқарды. Алайда ол 16 шілдеде үкіметтің толық құрамын таратқанда қызметінен айырылды. 18 шілдеде Зеленский Умеровты Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы етіп тағайындады. Зеленскийдің айтуынша, делегация құрамында оның кеңсесінің, Украина барлау қызметінің және Украина Сыртқы істер министрлігінің өкілдері де болады. Келіссөздердің жаңа раунды алдында Зеленский Умеровпен және оның кеңсесінің басшысы Андрей Ермакпен кездесті. Умеров «Ресей тарапымен Ыстанбұлда өткен екінші кездесудегі келісімдердің орындалу барысы және жақын арада жаңа кездесу туралы келісімдер туралы» баяндады.
Бұған дейін Владимир Зеленский Ресей мен Украина арасындағы келесі келіссөз сәрсенбіге, 23 шілдеге жоспарланғанын және Түркияда өтетінін айтқан.