Ресеймен шекарадағы «Құрманғазы» бекетінде 280-ге жуық жүк көлігі кезекте тұрған
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының Ресей Федерациясымен шекарасындағы «Құрманғазы» бекетінде кезекте 280-ге жуық жүк көлігі жиналып қалған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына қарағанда, кептелістің басты себебі — шекарадан өтетін көліктердің көбеюі. Атыраудан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жол құрылысының аяқталуы көлік санының күрт өсуіне әсер еткен.
«Алайда, аталған пунктегі өткізу қабілеті тәулігіне 200 автокөлікті құрайды. Ал, өткізу пунктіне күн сайын шамамен 250-ден 300-ге жуық көлік келеді. Мәселені жедел түрде шешу үшін Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті «Құрманғазы» пунктінде жұмыс істейтін мамандар санын 14 қызметкерге дейін ұлғайтты. Өткен жылдан бері ЕАЭО елдерімен 30 өткізу пунктінде көлік өткізу жоспарлы түрде іске қосылған «CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Мұндай электронды кезек «Құрманғазы» пунктінде 9 қыркүйектен бері қолданылады. Қазір электронды кезекке байланысты проблема жоқ. Барлық жүргізушіде өту талоны бар. Өткізу пунктін кесіп өткенге дейін бір күн ішінде электрондық кезек мерзімінің өтуіне қатысты ақпараттық жүйеде өткізу пунктінің өткізу қабілеттілігі асып кеткен жағдайда, кезекті брондау мүмкіндігі шектеледі, сондай-ақ паспорттық, бақылаудың өзге де түрлерін, шектес тараптың өткізу мүмкіндігі ескеріле отырып, пысықтаулар жүргізілгені хабарланады», — деп мәлім етті аталған комитеттен.
Мемлекеттік кірістер комитеті Шекара қызметімен бірлесіп, көліктердің ұзақ тұруын азайтуға, өткізу пунктіндегі жағдайды тезірек шешуге жұмыстанып жатыр. Мемлекеттік шекаралар арқылы, оның ішінде Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінің көмегімен жүру маршруттарын алдын ала жоспарлау қажет.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Ресеймен шекарадағы «Құрманғазы» бекетінде жүк көліктері кезекте тұрғанын жазған болатынбыз.